Түркістан облысы ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі бойынша көш бастап тұр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінде өткен аппараттық мәжілісте айтылды, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалық етуімен өткен жиында алдымен Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары талқыланды. Арыстағы жарамсыз деп танылған 474 тұрғын үйдің 402-сінің құрылысы толық аяқталған. Сала мамандарының зерттеу-зерделеу нәтижесінде тұруға жарамсыз деп танылып, сүрілген тағы 72 үйдің құрылыс жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларына тиесілі бұл нысандарда құрылысшылар екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр.
Сондай-ақ, жиналыста облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен жүріп жатқан Түркістан қаласын көгалдандыру жұмыстарына қатысты ауқымды шаралар да талқыланды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, қаланың аумағын қоқыстан тазарту мен көше бойларын және арық-атыздарды қалпына келтіру мақсатында ұйымдастырылған сенбілікке облыстың барлық аудан-қаласынан 4 мыңнан астам адам қатысқан. Осы ретте аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев аталған шараға барлық әкімдік пен басқарма қызметкерлерінің толық атсалысуын тапсырды. Бүгінгі таңда облыс орталығының аумағында әкімшілік тарапынан 50 мыңға жуық көшет отырғызылған. Оларды тұрақты суарып тұру үшін 268 су ұңғымасын салу көзделген.
"Сонымен қатар, аппарат мәжілісінде облыстағы ауыл шаруашылығы саласының 9 айлық жұмыс қорытындысы да сөз болды. Соңғы көрсеткіштер бойынша өңірдегі жалпы өнім көлемінің индексі мен тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына тартылған инвестициялардың нақты көлемі, ірі қара мен ұсақ мүйізді мал басының үлесі секілді даму индикаторларының орындалу барысы баяндалды. Бұл бағытта Түркістан облысы жақсы жетістіктерге қол жеткізген. Ауыл шаруашылығы негізгі каптиталға тартылған инвестициялардың көлемі жағынан да республика бойынша алғашқы орында", - делінген хабарламада.
Жиналысты қорытындылаған Өмірзақ Шөкеев жауапты мамандарға мақта құнына байланысты туындаған мәселені тез арада шешуді тапсырды.
Айта кетейік, облыста Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарында тұратын 300 мыңнан астам халық мақта шаруашылығымен айналысады. Бүгінде бұл аудандарда 18 мақта өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр.