171 мың тұрғыны бар Түркістан көркейе түседі – әкім
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов қаланың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен биылға жоспарланған міндеттер туралы есеп берді. Шаһар басшысының жаңа форматтағы есебіне облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев оң бағасын берді. Бұл туралы Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Біз – күллі түркі әлемінің мәдени-рухани ордасына айналған қасиетті мекеніміз – Түркістан шаһарын тарихи құндылықтарына қиянат жасамай, қаз-қалпы сақтай отырып көркейтуіміз қажет. ЮНЕСКО-ның көне мұралар тізіміне енгелі отырған қасиетті мұрамыздың әрбір алаңы біздің байлығымыз. Осыны жадымызда сақтап, біріге көркейтуіміз қажет, - деді өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев.
171 мың тұрғыны бар Түркістан қаласы облыс орталығына айналғалы бірқатар игілікті нысандар бой көтерген. Облыс орталығында 26 әкімшілік-іскерлік және мәдени орталық нысандары салынған. Халықты баспанамен қамту мақсатында биыл 50-ге жуық тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Алдағы 2-3 жылда жол жөндеу және жарықтандыру мәселесін толығымен қамту жоспарланған. Демалыс аймақтарын көбейту мақсатында орталық көше бойларынан 10 шақты аллеялар салынған және саябақтар күрделі жөндеуден өткізілген. Қаланы көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Қала маңынан жалпы аумағы 7,5 мың гектарды құрайтын «Жасыл белдеу» құру жобасы тыңғылықты іске асып келеді. Ұзындығы 145 шақырымды құрайтын бетон канал салу жұмыстары жүргізілуде. Осылайша қаланы көгалдандыра отырып, климат жағдайын жақсарту көзделген.
Сонымен қатар қала әкімі халықпен тікелей байланысқа шығып, тұрғындардың сауалына да жауап берді.