Түркістан: Көпбалалы отбасыларға 1345 грант бөлінді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл көпбалалы және әлеуметтік көмек алатын отбасыдан шыққан балаларға ҚР Ұлттық қордан бөлінген қаражатқа 5 мың грант тағайындалып отыр. Соның ішінде Түркістан облысына 1345 грант бөлінген. Гранттарға өтінімдер бойынша конкурс 5-10 тамыз аралығында өтеді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«ҚР Ұлттық қорынан 2019-2020 оқу жылына арналған нысаналы трансферт есебінен көпбалалы және аз қамтылған отбасыларының балалары үшін жоғары білімді мамандар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырыспен жоғары оқу орындары белгіленіп отыр. Белгіленген жоғары оқу орындарының ішінде «Қазақ Ұлттық аграрлық университеті» АҚ, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүістік Қазақстан мемлекеттік университеті, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, Абай атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университеті, Сырдария университеті, «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ бар», - деді Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық адами əлеуетті дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Садықова.
Грант қаражаты трансферт арқылы жергілікті әкімдіктерге беріледі. Олар өздерінің қажеттілігін ескере отырып, нақты мамандықтар тізбесін анықтап, грант береді. Конкурсқа қатысу үшін талапкер нысаналы топқа жатқанымен қатар, ұлттық бірыңғай тестінің шекті балын жинауы қажет.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқу-әдістемелік ісі жөніндегі проректоры Ө.Үмбетовтың айтуынша, 2019 жылғы маусым айында өткізілген ҰБТ-дан шекті балл жинау – конкурсқа қатысудағы негізгі шарт болып саналады. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін талапкерлер тестілеу нәтижесі бойынша кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл, «педагогикалық ғылым» бағыты бойынша оқу үшін кемінде 60 балл, денсаулық сақтау саласы бойынша кемінде 65 балл жинауы қажет. Жалпы, осы гранттарға ие болу үшін үміткерлер тамыздың 5-10 аралығындағы келесі конкурсқа тапсыру үшін жергілікті атқарушы органдарға өтініш бере алады. Бұл арада әкімдіктер гранттарды ҰБТ балына және грант санына қарай тағайындайды және жеңімпаздардың тізімін жергілікті БАҚ-да жариялайды. Барлық нысаналы грант иегерлеріне әдеттегідей 20 949 теңге көлеміндегі шәкіртақы тағайындалады. Сонымен қатар, демалыс кезінде жылына 2 рет жол өтемақысы төленеді.
Айта кетейік, Түркістан облысына бөлінген 1345 грант бойынша Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне 294 грант бөлінген. Осыған сəйкес қазіргі таңда 21 білім беру бағдарламасы бойынша талапкерлерден құжаттар қабылдануда.