Түркістан: Қазақстанда тұңғыш рет Шәмші Қалдаяқов музейі ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы, Отырар ауданы Шəмші Қалдаяқов ауылында мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен сазгердің ұлы Мұхтар Қалдаяқов "қазақ вальсінің королі" атанған Шәмші Қалдаяқовқа арналған еліміздегі алғашқы музейдің ашылу салтанатына қатысты.


Сонымен қатар композитордың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Музей құрылысы кезінде даңқты сазгердің көзін көрген азаматтардың естеліктері есепке алынған. Шəмші Қалдаяқовтың мандолинасы мен ҚР Ұлттық музейі сыйға тартқан композитордың бас киімі жəне өзге де қолданған бұйымдары мұражай төрінен ойып тұрып орын алды.

Мекеме Түркістан облыстық кітапханасының филиалы ретінде ашылып, арнайы мамандар жұмысқа алынады.
Шәмші Қалдаяқов - қалың қазақтың шексіз сүйіспеншілігіне бөленген, ұлттық əн өнерінде айрықша із қалдырған сері сазгер, қазақ вальсінің королі. Дүйім жұрт мойындаған бірегей өнер иесі - Егемендігіміздің айбары саналатын əнұран музыкасының авторы. Сонымен қатар бүгінде түн ұйқысын төрт бөліп, перзенті үшін байыз таппаған анаға деген махаббатымызды, сүйген жанға деген іңкəр сезімімізді, көңіл тебіренісі мен жүрек толқынысын да Шəмші əндері арқылы жеткізіп келеміз. Сыршыл сезімге құрылған лирикалық әсем туындылар келешекте де халықпен бірге мәңгі жасай берсін,- деді мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.
Сондай-ақ, өнер иесінің биылғы мерейтойы аясында ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар таныстырылды.


Бүгін айтулы мереке. Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толып отыр. Алайда, осы облысқа келгелі Шәмшінің кіндік қаны тамған жерде Шәмшіге арналған музейдің жоқ екенін білдім. Тіпті біздің бүкіл республикада "Қазақ вальсінің короліне" арналған бір де бір музей жоқ. Аз уақыт ішінде кеткен кемшіліктің орнын толтыру үшін тапсырма беріп, демеушілер есебінен Шәмші музейінің ашылуын қолға алдық. Шәмші музейі – Жидебайдағы Абай музейі секілді жас композиторлар мен жас әншілер тәу ететін зиярат орнына айналуы тиіс, - деді Өмірзақ Шөкеев. 


Атап өтейік, бұл нысан Шәмшінің көзін көрген, оның өміріне қанық азаматтар естелігін есепке ала отырып салынды.



Шәмші мұрағатын күтіп-баптау үшін мекеме облыстық музейдің филиалы ретінде ашылып, арнайы штат санымен мамандары жұмыс істейтін болады. Келген туристер мен қонақтарға барлық жағдай жасалады.

Өскелең ұрпаққа Шәмшіні насихаттау жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайды. Ең алдымен облыс орталығындағы жаңа музыка мектебіне Шәмші Қалдаяқов есімі берілсе, музыка мектебінің алдында еңселі ескерткіші бой көтереді. Сондай-ақ, Түркістан қаласындағы көшелердің бірі сазгер есімімен аталады.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы