Түркістан: 25 дезинфекциялық өткел орнатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы аумағында қосымша 25 дезинфекциялық өткел орнатылды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Халық көп шоғырланатын жерлерде қойылған қорғаныс бекеттерін облыстың барлық аудан, қалаларында орнату көзделіп отыр. Қауіпті індетпен күресте облыстың барлық аумағында шектеу шаралары күшейтілген. Жалпы, аймақ бойынша жағдай тұрақты және сақтық шаралары қатаң бақылауда. Тапшылық болмас үшін бетперде шығаратын мекемелерге олардың санын арттырып, бағаның шарықтауына жол берілмеу керектігі ескертілген.

Сонымен қатар тәртіпке бағынбағандарға шара қолданылуда. Атап айтар болсақ, Сайрам ауданындағы базарлар мен сауда орталықтарында бірқатар кемшіліктер анықталған. Бетпердесіз жүрген сатушылар мен бағаны негізсіз өсірген саудагерлерге ескерту беріліп, айыппұл салынды. Санитарлық талаптардың сақталуы мен азық-түлік бағаларының шекті бағадан аспауын тексерген аталған аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков жауапты басшыларға нақты міндеттер жүктеді, - делінген баспасөз мәліметінде.

Облыс аумағында санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығын сақтау және алдын алу шараларын күшейту бойынша құрылған жұмыс тобының отырысы жүйелі түрде өтуде. Барлық қорғаныс бекетінде қырағылық басты назарда. Залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге қажетті медициналық дәрі-дәрмектер мен керек-жарақтар, арнайы киімдер жеткілікті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы