Түркі халықтарының үлкен Құрылтайы өтеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылдың 21-23 тамызында Венгрияның Бугац қаласында түркі халықтарының дәстүрлі үлкен Құрылтайы өтеді.
Халықаралық шараға түркі-ғұн халықтары қатысады. Құрылтай аясында ежелгi көшпендiлердің дала мәдениетi, қолөнері мен өркениеті, ұлттық спорт түрлері, тұрмыс-салты көрсетіледі.
Сонымен қатар, онда осы саланы зерттеп жүрген ғалымдардың зерттеулері талқыға салынады.
Шараны "Мажар-Тұран" халықаралық қорының жетекшісі, антрополог Андраш Биро ұйымдастырады.
Биыл түркі халықтарының үлкен Құрылтайында әлемдегі ең үлкен киіз үй тігіледі. Оған ұлы дала қолбасшысы Атилла (Еділ қаған) есімі берілген. Биіктігі 7 метр, диаметрі 20 метр болатын киіз үйдің негізгі ерекшелігі оның жиналмалығында. Сондай-ақ, киіз үй көне ғұн дәстүрі бойынша жабдықталған, - делінген хабарламада.Ғалымдарың айтуынша, киіз үйде археологиялық, антропологиялық зерттеулер барысында табылған көне мұрағаттар көрмесін тамашалауға болады.
Құрылтайға қатысушылар мен қонақтар ұлттық киім киіп, орта ғасырдағы (IX-X ғғ.) қару-жарақ, құрал-сайман, әшекейлерді тамашалай алады.
Коронавирус пандемиясына байланысты биыл Қазақстаннан ресми делегация шараға келмейді. Алайда Венгриядағы қазақ диаспорасы мен студенттері көмегімен онда қазақ мәдениеті мен салтын көрсететін арнайы бағдарлама дайындалуда.
Биыл Құрылтайға Еуропада тұрып жатқан қандастарымыз келеді деп жоспарланып отыр. Шара ұрпақ сабақтастығы мен ұлыстар достығының нығаюына ықпал етеді.
Сонымен қатар, Венгрия үкіметі қабылдаған эпидемиологиялық қауіпсіздік ережелеріне сәйкес осы жылы Құрылтай санитариялық талаптарға сай ашық алаңда өтеді.
Айта кетейік, түркі халықтарының үлкен Құрылтайы – көшпенділер өркениетін танытатын Еуропадағы ең ірі шара.
Тұңғыш қазақ-мажар Құрылтайы "Ғасырдан кейінгі кездесу" деген тақырыппен Қазақстанда өтсе (Қостанай облысы, 2007 жыл), екіншісі 2008 жылы Венгрияның Бөстөрпуста аумағында ұйымдастырылды.
Үшінші шара "Тұран халықтарының Құрылтайы" деген атаумен 2010 жылы Мажарстанның Бугац қаласында өтті.
Түркі халықтарының үлкен Құрылтайы екі жылда бір рет ұйымдастырылады.