Тұрғын үй бағдарламаларымен жұмыс істеп тұрған 3 оператор біріктіріледі – депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.  Бұл туралы ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Сапар Ахметов мәжiлiстің жалпы отырысында  мәлім етті.

Оның айтуынша, қазір "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы әзірленіп жатыр.
Мемлекет басшысы 2019 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында квазимемлекеттік компаниялар көп жағдайда өзара бәсекелестікке түседі. Тұрғын үй саясаты саласында бір мезетте 7 мемлекеттік оператор жұмыс істейді. Бұл тек орталық деңгейдегі ахуал, мемлекеттік компаниялардың санын қысқартуға болады және солай ету керек деген болатын. Аталған тапсырманы жүзеге асыру мақсатында ҚР Парламентінің депутаттары Ахметов, Базарбаев, Казанцев, Көбенов, Қайназаров, Құрманова, Құртаев, Өтебаев, Сабиляновтардың бастамашылығымен ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне Тұрғын үй операторларының санын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасы әзірленді, - деді ол.

Депутат Заң жобасы бойынша Тұрғын үй бағдарламаларының жұмыс істеп тұрған 3 операторы біріктірілетінін мәлімдеді. 
Олар қазақстан ипотекалық компаниясы, "Бәйтерек девелопмент" АҚ -сы Тұрғын үй құрылысына кепілдік берудің біріңғай қоры етіп біріктіру қаралып отыр. Заң жобасында келесі мәселелерді шешу көзделеді. Біріншіден, Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы қайтадан ұйымдастырлатын акционерлік қоғамдардың қазіргі қызмет түрлерін біріктіру. Екіншіден, жұмыс істеп тұрған операторлардың жалпы шығыстарын қысқарту. Сонымен қатар, Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторлы ұғымын енгізумен қатар бірыңғай оператордың жаңартылған қызметі ұсынылып отыр, - деді Ахметов. 

Заң жобасымен Тұрғын үй құрылысы операторлары келесі жұмыстарды атқару қарастырылады: мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде құрылысын жүргізіп жатқан заңды тұлғаларға несие беру, жергілікті атқарушы органдарда, әкімдіктерде тұрғын үй кезегіне тіркелген азаматтарға сатып алу құқығымен арендалық баспана ұсынуды регламенттеу, инвестициялық жобаларды қаржыландыру мен жүзеге асыру. 
Тұрғын үй құрылысын дамыту бойынша стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру шеңберінде бірыңғай оператор көппәтерлі тұрғын үй құрылысының аяқталуын кепілдендіру қызметтерін пайдалануы үлескерлердің құқығын қамтамасыз ететін болады. Жалпы заң жобасының нормалары Тұрғын үй құрылысының кеңінен дамуына оң ықпал етеді деп сенеміз, - деді ол. 
 
Сонымен қатар, ол депутаттардың "неліктен үш оператор ғана біріктіріледі" деген сауалына жауап беріп, қалған 4 оператордың міндеттеріне тоқталды.

Оның айтуынша жүргізілген сараптаманың нәтижесінде 3 компания, атап айтқанда Қазақстандық ипотекалық компания, "Бәйтерек девелопмент" және Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қорының қызметтері сәйкес болған. Сондықтан да олар бір оператордың қызметіне біріктіріліп отыр. 
"Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ қазіргі кезде банк ретінде өзінің салымшылары, үлескерлері бар, оның үстіне рейтингін жақсартып, халыққа сапалы қызмет көрсетіп жатыр. Сондықтан бұл банк өз жұмысын жалғастыра береді. Ал Баспана ипотекалық компаниясы АҚ-ы бұл Ұлттық Банктің еншілес мекемесі. Бұл мекеме Елбасының "Бес әлеуметтік бастамасы" негізінде 7-20-25 бағдарламасы бойынша халыққа несие беріп келген, қазір Ұлттық Банктің Қазақастан орнықтылық қорының құрамына кіргізілді және бұрын берген ипотекалық несие бойынша өз жұмысын жалғастырады, - деді депутат.

Сондай-ақ ол, "Самұрық-Қазына контракт" компаниясы бір жыл бұрын құрылыс саласында өз жұмысын тоқтатқанын жеткізді. Қазір "Самұрық-Қазынаның" ішіндегі өндірістік жобаларды іске асырумен айналысып жатыр екен. Ал, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры тек екінші санаттағы банктерден алынған несиелерді субсидиялаумен айналысқан, қазір бұл қызмет бірыңғай операторлардың құрамына берілуіне байланысты олар өздерінің кәсіпкерлікті дамыту бойынша қызметін жалғастыра береді. Құрылсы саласында болмайды. 
Қорыта айтқанда ұсынылып отырған трансформациямен біріктіру нарықта кешенді түрде жұмыс істейтін екі оператторды қалдырады. Біріншісі – Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы, екіншісі - Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, - деді Сапар Ахметов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы