Төменгі Шудың бойында толайым тірлік көп
Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Белгілі композитор Ілия Жақановтың әніне арқау болған Жайлаукөл ауылы аудан орталығы - Жаңатас қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 240 шақырымдай жерде, Шу өзенінің төменгі сағасында, Бетпақ даланың оңтүстік бөлігінде орналасқан. Шығысында Мойынқұм құмы жатыр.
Мүлгіген тыныштығы мен табиғаты тұнып тұрған Сарысу ауданына қарасты Төменгі Шудың инвестиция тартып, кәсіп жасайтын өз байлығы баршылық. Сондықтан да Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қазына қаржысын үнемдей, елдімекендердің жолдарын жөндеу, ауыл тұрғындарына ауыз су құбырын жүргізу мәселелері ретімен жүзеге асуда.
Көп жылдан бері күн тәртібінен түспеген облыстық деңгейдегі Жайлаукөл-Қамқалы арасын жалғайтын 31 шақырым автожолды орта жөндеуден өткізу жұмыстары сәтті басталуда. "Тараз-Көлік-Жолы" ЖШС атқарған жұмыстарға Шудың бойындағы көпшіліктің көңілі толады. Соңғы рет сонау 80-інші жылдары ғана жөндеу көрген жол осы уақытқа дейін іскер, сол өңірдің жанашыр азаматтарының көмегімен жай ғана тегістеліп келген. Ол да көпке бармай шұрық тесікке айналатын да жататын. Жалпы орта жөндеу жұмыстарына 550 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Жақын күндері “Сарысу-сулары” кәсіпорны “Итеке” су тоғанынан Жайлаукөл ауылына дейінгі 11 шақырым ауыз су құбырын ауыстырып, ауыл таза су ішетін болады. Бұл жұмыстар 22 млн теңгеге іске асады, - деп атап өтті аудан әкімі Қанатбек Мәдібек.Төменгі Шу бойындағы жұрт бұл қамқорлыққа ризашылықтарын білдірсе, ауыл ақсақалдары Жакентай Жамбылов, Мәжит Әміровтер ақ баталарын беруде.
Қазіргі таңда Шу бойындағы тұрғындар ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың күні кешегі мәлімдемесіне қолдау білдіріп, қауіпті індетке орай әр отбасы төтенше жағдай талаптарына бағынуда. Олар ауыл маңынан өзге аймақтарға жолға шықпауды дұрыс көріп, үйлерінде отыр. Орта білім мекемелерінің мұғалімдері ғаламтор байланыстары арқылы қашықтан оқушыларға тапсырмалар беріп, сабақ оқу барысын барынша қадағалап жатыр. Досбол-Шығанақ, Ұланбел-Жайлаукөл бағыттарындағы блокпосттар тәртіпке сай жұмыс істеу үстінде. Учаскелік полиция бөлімшесі мен жергілікті әкімдіктің қызметкершілері ерікті ауыл азаматтарымен, жастармен бірлесіп кезекшілік шараларын атқаруда.
Қамқалы ауылдық округінде тұратын 897 адамға дерттен қорғаныш ретінде бетперделер тігіліп, тегін таратылып берілді. Аудан орталығынан жеке кәсіпкер "Газель" автокөліктерімен азық-түлік жеткізіп, төменгі бағамен ауыл тұрғындарына сауда-саттық жасаса, дәріханашы Жұмағали үш ауылға өз бағасына дәрі-дәрмектер жеткізіп беруде. Халықтың негізгі тұрмыс-тіршілігі – мал шаруашылығы. Қамқалылықтар да мал басын түгендеп, ауылдың ажарын кіргізіп, ынтымақпен күн кешуде, - дейді аймақ басшысы.Қанатбек Қайшыбекұлының сөзінше, ерінбей еңбек еткен жанға екі қолға бір күрек табылады Шудың бойында. Тұз өнімі мен ел аумағына ағылып жатқан құрылысқа қажетті қызылтасы, өзен-көлдерін жағалай жайқалған қамысты құрағы бұл ауданның малын да, жанын да еркін қамти алады. Бүгінгі таңда мұнда 1684 бас мүйізді ірі қара, 9538 қой-ешкі, 561 бас жылқы, 103 бас Ойсыл қара тұқымы бар.
"Мал баққанға бітеді". Малды баққан соң оған күтім керек. Осы мақсатта кенеге қарсы Жайлаукөл, Қамқалы, Шығанақ ауылдарының қорғаныс белдеуінде залалсыздандыру толығымен жүргізілді. Сонымен бірге Конго-Қырым қанды қызбасын болдырмау мақсатында төрт түлікке, қора-жайларға арнайы дәрі-дәрмектер себіліп үлгердік. Ертеңге сенім артқан, болашақтан үміті зор ауыл тұрғындарынның қуанышы жыл сайын көбеюде. Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл ауылдарында балалардың бос уақыттарын тиімді өткізу үшін 9 млн теңгеге балаларға арналған ойын алаңы тұрғызылатын болады. Мердігер компаниямен келісім жұмыстары аяқталып, төтенше жағдай біте салысымен нақты істер жүзеге асатын болды, - деп сендірді аудан әкімі.Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ауылдан қалаға ағылған жұртты көрген қашықтағы округ тұрғындары ертеңгі күннің қалай боларына алаңдаушылық танытқан еді. Бүгінгі таңда сол халықтың көңіліне үміт ұялап, егемендіктің шапағатын сезініп отыр. Қамқалы ауылдық округінің аумағы негізінен құмды болып келеді. Сексеуіл, жиде ағаштары жиі кездеседі. Изен, жантақ, жусан шөптері жайқалып-ақ тұр. Ал көл жағасындағы қамысты құрақ пен мол шабындыққа орақ кезінде көз тояды. Төрт түліктің қыс бойғы азығы.
Қанатбек Қайшыбекұлының айытуынша, осы шөлейтті, табиғи байлығы көп топырақтағы Қамқалы, Жайлаукөл ауылдары бұдан былай жасыл желекке оранатын түрі бар. Бұл аймаққа 1 600 түп қаратал көшеті отырғызылып, арнайы шарбақпен қоршалған екен. Аудан халқының әлеуметтік-тұрмыстық ахуалы біршама көтеріліп, жеке кәсіпкерлікпен айналысатындар қатары жыл санап арту үстінде.
"Астың дәмін келтірген тұз әулие", деген де сөз бар халқымызда. Расында, тұз – ағзаның дұрыс және толассыз түрде қызмет етіп отыруына арналған қажетті компонент. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан ас тұзын әзірлеу цехы Қамқалы және Шығанақ ауылдары тұрғындарының мақтанышына айналған. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп отырған компанияның келешегі де өте зор. Өйткені ас тұзына деген сұраныс ешқашан тоқтаған емес. Ал, цех өңдеген тұздың сапасы өте жоғары. Бұл тұз – Қамқалы ауылдық округінің, бір сөзбен айтқанда Төменгі Шу өңірінің бренді!, - дейді ол.Ауылдық аймақ териториясында орын тепкен "Ақпункт", "Геолог" тұз-кен кәсіпорындары сапасы жоғары тұз өндіреді екен. Олардың өнімдері Түркістан, Жамбыл облыстарына, сондай-ақ Қырғыз еліне тасымалданып жатыр. Сонымен қатар, аудан орталығы Жаңатас қаласында орналасқан "Асыл-Тұз" зауытына шикізат есебінде де тасымалданып өндірілуде.
Қазіргі қасиетті Рамазан айында Жайлаукөл ауылында еңселі мешіттің іргесі қалануда. Ауылдықтардың, ісі оңға басқан кәсіпкер азаматтардың қаражаттары есебінен мінәжат үйінің құрылысы қарқын алуда. Бұл жұмыстар жылдың соңына қарай аяқталады жоспарланып отыр.
Тәуелсіздіктің арқасында еліміздің экономикасы дамыды, әлеуеті артты, кәсіпкерлік сала өрістеді. Қамқалы ауылдық округінде көптеген ауқымды істер атқарылуда. Міне, осындай және басқа да игі істерге көңілдері толған ауылдықтар болашақтың баянды екеніне сенімді, - дейді Қанатбек Мәдібек.