Сырым Шәріпханов: Академия мәртебесін алу – ұжым жетістігінің жемісі

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жарты ғасырлық тарихы бар Көкшетау техникалық институты – елімізде офицер-құтқарушыларды даярлайтын жалғыз оқу орны. Биыл Азаматтық қорғау академиясы мәртебесіне ие болған оқу орнына Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллиннің есімі берілді. Академия бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Сырым Шәріпханов жаңа мәртебеге сай оқу талаптары мен курсанттарды даярлау туралы айтып берді.

Полковник Сырым Шәріпхановтың айтуынша, құтқарушы ең алдымен білімді болуы керек. 

Қазіргі заманғы ақпараттық және техникалық құралдарды, оның ішінде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде пайдалана білу маңызды. Дәрігерге дейінгі шұғыл көмек көрсетіп, сауатты сөйлеп, мүмкіндігінше үш тілді еркін меңгергені жөн. Сонымен қатар, курстанттар физикалық дамыған, күшті, батыл болуы тиіс. Құтқарушы мамандығында батылдық, жанқиярлық, тәуекелге бару мүмкіндігі, жолдастарына және мұқтаж адамдарға көмектесуге дайын болу - маңызды қасиеттер. Сондықтан біз жоғары оқу орнына батыр тұлғаның есімін беру туралы өтініш білдіруді ұйғардық. Оқу барысында курсанттар Мәлік Ғабдуллиннің тұлғасы, феномені, өмір жолымен танысады. Оқу орнының академия мәртебесін алуы – ұжым жетістігінің жемісі, - деп түсіндірді Сырым Шәріпханов. 

Бүгінгі таңда академия күндізгі, қашықтан оқыту, қосымша және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру факультеттерінде оқуды ұсынады. 


Жыл сайын университет орта есеппен 150 курсантты қабылдайды. Бүгінгі таңда мұнда 800-ден астам адам оқытылуда, олардың 30 пайызы – азаматтық қорғау органдарының жұмыс істеп жүрген қызметкерлері. Олар қашықтан оқиды. Күндізгі бөлімде 600-ге жуық курсант оқиды. 

Оқу, тамақ, жатақханада тұру республикалық бюджет қаражаты есебінен тегін. Курсанттар да стипендия алады. Олар казармалық типтегі жатақханада тұрады. Жалпы курста шамамен 150 адам оқиды. 

Толық курсты сәтті аяқтаған күндізгі оқу факультетінің курсанттарына «азаматтық қорғау лейтенанты» арнаулы атағы және «лейтенант» әскери атағы беріледі. Одан әрі олар ТЖМ департаменттері, басқармалары мен бөлімдеріне, сондай-ақ ведомствоаралық келісімдерге сәйкес басқа да құқық қорғау құрылымдарына қызметке жіберіледі. 


Қабылдау емтихандары бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезекте медицина талаптарына сәйкес, мықты денсаулық маңызды. Талапкердің бойы кем дегенде 170 сантиметр болуы керек. Екінші-ҰБТ тапсыру, тиісті балл жинау қажет. Біздің оқу орнына орташа өту балы әр түрлі, бірақ, әдетте, жетпістен жоғары. Талапкерлер арасында «Алтын белгі» иегерлері көп. Келесі талап – дене шынықтыру нормативтерін тапсыру. Үш норматив –100 және 1000 метрге жүгіру, белтемірге тартылу. Нормативтер күрделі емес. Олар біздің сайтта бар. Негізінде, әрбір дайындалған талапкер оларды тапсыра алады. Арнайы тексеру әлі де бар: абитурентте ешқандай заң бұзушылықтар болмауы керек. Институтта емтихан тапсырылмайды, бірақ физика мен математика бейіндік пәндер болып табылады, - деп толықтырды Академия басшысы. 

Академияда мамандандырылған аудиториялар мен зертханалар, мультимедиялық жүйесі бар лингафон кабинеті, компьютерлік сыныптар, жалпы білім беретін және арнайы пәндер бойынша зертханалар, практикалық оқыту бөлімі, газ түтіннен қорғау қызметінің базасы және жылу түтін камерасы бар. 

Оқу орнында құрал-жабдықтар мен материалдардың өрт қауіптілігінің көрсеткіштерін анықтауға мүмкіндік беретін бірегей зертхана жұмыс істейді. Қазақстанда осындай екі зертхана бар екені белгілі, олардың біреуін  ТЖМ өрт қауіпсіздігі және азаматтық қорғаныс ғылыми-зерттеу институты пайдаланады. Мұнда курсанттармен өрттің алдын алу кафедрасының пәндері бойынша зертханалық сабақтар, сондай-ақ дипломдық жобалау бойынша кеңестер, ғылыми-техникалық шығармашылық үйірмесінің отырысы өткізіледі. 

Айта кетейік, 1997 жылдан бері оқу орнында 5 мыңға жуық жоғары білікті маман даярланды, оның ішінде 132 түлек үздік дипломға ие болды. Олардың көпшілігі басшылық лауазымдарда жұмыс істейді. 

Біздің түлектер Отанымыздың түкпір-түкпірінде еңбек етеді, төтенше жағдайлардың алдын алу, өртті сөндіру, зардап шеккендерді құтқару бойынша міндеттерді орындайды. ТЖМ қызметкерлерінің 70 пайызы - біздің оқу орнымыздың және осы жерде біліктілікті арттырудан өткен түлектер. Олардың ішінде мемлекеттік наградаларға ұсынылғандар өте көп. Төтенше жағдайлар департаменттері мен өрт сөндіру қызметтерінде жоғары лауазымдағылар, басшылар көп. Әрине, бұл біздің ұжым үшін үлкен қуаныш, - дейді Сырым Шәріпханов. 

Биыл Қазақстан Үкіметінің Қаулысымен ТЖМ Көкшетау техникалық институтына азаматтық қорғау академиясы мәртебесі берілді. Бүгінде бұл еліміздегі болашақ құтқарушыларды, азаматтық қорғау қызметкерлерін даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны. 

Институт академияға айналғанымен, міндеттер өзгеріссіз қалады. Тек барлығын жауапкершілікпен орындау керек. Ғылыми зерттеулер көп болады. Білім беру бағдарламалары мен оларды сапалы игеру бойынша одан да көп жұмыс істеу керек, ЖОО-ның жабдықталуын арттыру, инновациялық технологияларды белсенді тарту қажет. Бүгінгі күні академияның 17 қызметкері ғылым кандидаттары, докторлар. Профессор-оқытушылар құрамының жалпы саны-56 адам. Қалған оқытушылар бізде магистрлер. ЖОО-да 15-ке жуық ғылыми зертхана, лайықты оқу-материалдық база, өз полигоны бар. Өткен жылы магистратура ашып, лицензия алдық. Курсанттар үшін ғылыми шығармашылық үйірмелері жұмыс істейді, олардың қызметі кафедралардың ғылыми-зерттеу жұмыстарымен байланысты. Болашақ құтқарушылар профессорлық-оқытушылық құрамның басшылығымен түрлі конференцияларға белсенді қатысады, - деп түсіндірді Сырым Шәріпханов. 

Айта кетейік, биыл оқу орны Білім және ғылым министрлігінің «Контейнер түріндегі қорғаныс құрылысын әзірлеу» ғылыми-зерттеу жұмысын әзірлеуге 60 миллион теңгенің грантын жеңіп алды. 

Академия жанынан ғылыми-зерттеу орталығын ашу жоспарда бар. Оның жұмысы ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға бағытталатын болады. Сондай-ақ жаңа оқу корпусы мен жатақхана салынады деп жоспарлануда.
«Академияның жеке құрамы алдағы уақытта да жоғары білікті мамандарды даярлау үшін бар күшін салады. Жаңадан келген курсанттардың дене дайындығы әртүрлі. Әрине, күрес, бокс, жеңіл атлетика сияқты спорт түрлерімен кәсіби түрде айналысатын балалар бар. Дегенмен шыныққан жігіттер өте аз. Бүгінде мектептерде спортпен шұғылданатын оқушылар аз, көпшілігі компьютер мен гаджеттерде отырады. Қабылдау кезіндегі стандарттар қарапайым. Алайда оқу барысында жаттығулар күрделене түседі. Сондықтан да балалар дене шынықтыру мен спортқа көбірек уақыт бөлгені жөн», - деп атап өтті Академия басшысы. 

Жоғары оқу орнының тарихы 1973 жылдан бастау алады. Сол кезде Көкшетауға Алматыдан әскерилендірілген өрт күзетінің оқу жасағы көшірілді. Одан кейін жасақ өрт күзетінің кіші және орта басшы құрамын даярлау және қайта даярлау мектебіне, кейін Алматы өрт-техникалық училищесінің Көкшетау филиалына айналды. 

1997 жылы Көкшетау техникалық училищесі деп аталды, түлектер жоғары білім туралы диплом ала бастады. 

Көкшетаудағы беделді жоғары оқу орнының курсанттары мен офицерлері 18 жылдан бері Ресей мен Белоруссияның институттарында арнайы оқудан өтіп келеді. Осы ретте бұл елдер үкіметаралық келісімдер жасасты. Биыл 35 курсант шетелдік жоғары оқу орнының дипломын алады. 2012 жылдан бастап Көкшетау техникалық институты базасында Қырғызстаннан келген балалар «өрт қауіпсіздігі» мамандығына оқиды. Осылайша, тарихы оқу жасағы ретінде басталған академия халықаралық деңгейге көтеріліп келеді, - деп түйіндеді Сырым Шәріпханов.





Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы