Сыры ашылмаған Сарайшық
Атырау, BAQ.KZ тілшісі.Бұқаралық ақпарат құралдары көне қала «Сарайшыққа» барды. Экскурсия алдымен мұражайдан басталды. Жалпы бұл тарихи-мәдени музей қорығында төрт мыңға жуық жәдігер сақтаулы.
Оның барлығы 1999-2009 жылдар аралығында көне қалаға қазба жүргізу барысында табылған. Мұнда темірден, қыштан құйылған дүние-мүліктер, керамикадан жасалған, сырлы ыдыстардың сынықтары, сүйектен, мүйізден жасалған қолөнер бұйымдары, қару-жарақтар, қыз-келіншктердің әшекей бұйымдары сақтаулы тұр.
Музейге келуші қонақтар мен туристерге үш тілде қызмет көрсетіледі. Өйткені тарихи орынға шетелдік қонақтардың қызығушылығы жоғары. Көбіне Испания, Италия, Қытай елдерінен туристер көп келеді.
«Бізге қонақтар туристер өте көп келеді. Әрине, келетін туристер санын қасиетті Түркістан қаласымен салыстыруға келмейді, бірақ біздің музейді былтырғы жылы 12 468 адам келіп тамашалаған. Өткен жылдары экскурсиялық қызмет көрсету екі тілде жүргізілетін еді, енді биыл ағылшын тілінде жүргізетін мамандарды тарттық. Сонымен қатар былтырғы есеппен айтатын болсам, төрт жүзге жуық шетелдік қонақтар келді. Олар тарихи қалаға қызығушылықпен келеді. Әрбір нәрсенің тарихымен танысады. Одан соң міндетті түрде көне қала орнына барады. Бір ерекшелігі шетелдік туристер музейге келердің алдында тарихи деректерге қанық болып келеді», - дейді «Сарайшық» тарихи-мәдени музей қорығының бас қор сақтаушысы Жанар Диярова.
Музей республикалық статусқа ие болғаннан бері экспонаттар жинақтау жұмыстарын қолға алып жатыр. Осы бойынша «Музейге сый» акциясы жүріп жатыр. Ауыл маңындағы ел-жұрт ата-бабасынан қалған жәдігерлерді тапсырып,акцияға ат салысуда.
«Алғаш болып «Сарайшық» аулының тұрғыны Жалғас Мұқанов деген ағамыз өзінің үйіндегі кебежесін мұражайға тапсырды. Осыдан кейін ауылдың көптеген тұрғындары құнды көне бұйымдарын әкеліп сыйға тартты»,- дейді «Сарайшық» тарихи-мәдени музей қорығының бас қор сақтаушысы Жанар Диярова.
«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы құрылғаннан бері оның алдына көптеген міндеттер жүктелген. Бастысы ортағасырлық қаланың орнын сақтау, одан соң туристер санын көбейту.
«Ортағасырлық Сарайшықтың орнын сақтау мәселесі күні бүгін белгілі дәрежеде шешімін тауып жатыр деп айта аламыз. Алдымен мұнда штат көбейді. Тарихшы мамандар алынды. Қазір бізде екі ғылым докторы, екі ғылым кандидаты, екі магистр қызмет атқаруда. Сонымен бірге үш археолог жұмыс жасайды», - дейді тарих ғылымдарының докторы, «Сарайшық» тарихи-мәдени музей қорығының басшысы Әбілсейіт Мұхтаров.
Бұл ауылда Хандар пантеоны 1999 жылы салынды. Күмбездің биіктігі 17 метр, 8 қабырғалы. Бұл жерде жеті ханға арналып құлпытастар қойылған. Олар Мөңке темір,Тоқтағу, Жәнібек, Әмір Оқас, Қасым хан, Ших Мамай, Жүсіп хан.
Кейбір тарихшылар бұл көне қалада жеті ханның сүйегі жатыр деген мәліметпен келіспейді. Өйткені кесене ішіндегі құлпытастарда 4 ханның, 3 ноғай биінің аты-жөні жазылып тұр, билер ешқашан хан атағын ала алмайды, Шыңғысханның ұрпағы ғана хан бола алады дейді олар. Тағы бір ел аузындағы мәліметтер бойынша бұл жерде орыстың әйгілі ақыны Анна Ахматованың атасы жерленгендігі айтылады.
Осылайша сыры ашылмаған Сарайшық туралы тарихшылар арасында бір-біріне қарама-қайшы пікірлер көбейген. Ал Анна Ахматованың атасы жерленген деген болжамға тарих ғылымдарының докторы, Сарайшық музей қорығының басшысы былай деп жауап берді.
«Мен бұл жәйдан хабардармын. Шежіре бойынша әйгілі ақын Анна Ахматованың аталары ноғайлар. Егер ноғайлар болса,соның ішінде билері болса, олар Сарайшық қаласында сөзсіз болды. Оны жоққа шығаруға болмайды», - дейді тарих ғылымдарының докторы, «Сарайшық» тарихи-мәдени музей қорығының басшысы Әбілсейіт Мұхтаров.
Жуықта көне қаланың орнына бақылау қазбасын жүргізген археологтар Өзбек хан, Жәнібек хан тұсында пайдаланылған тиындар, сүйектен жасалған бұйымдар тапқан.
«Біздер Жайық жағалауынан оңтүстікке қарай бақылау жұмыстарын жүргізген болатынбыз.Орыстың саяхатшыларының деректерін зерттей отырып, шамалап осы жерге түскенбіз. Сол қазба жұмыстарынан Өзбек хан, Жәнібек ханның тұсындағы тиындар, басқа да сүйектен жасалған бұйымдар табылды. Бұл жерден бітпеген құрылыстың табаны байқалып тұр. Біз соны әрі қарай кеңейту мақсатында жұмыс істеудеміз. Бұл цитадельдің табаны болуы мүмкін деген болжамымыз бар», - дейді «Сарайшық» тарихи-мәдени музей қорығының археологы Мир Әбдіғалиев.
Тарихи-мәдени музей қорығы ұжымының айтуынша алға қойған мақсат өте көп. Ортағасырлық Сарайшық қаласының макетін орналастыру, Қазақ хандығын билеген хандарға ескерткіш орнату, туристерге қажетті мал шаруашылығын ашу, қорыққа қажетті кәсіби мамандар шақыру, қолөнер бұйымдарын жасайтын шеберханалар ашу. Сонымен қатар Сарайшықта археологиялық қазба жұмыстарын жүйелі түрде жылда жүргізуге қол жеткізіп, осы көне қала арқылы Ұлы Жібек жолына экспедиция ұйымдастыру жоспарда бар екенін айтады. Осылайша Сарайшық мекеніне күніне мыңдаған туристер келіп, бай тарихымызға тамсанатын орынға айналса, дейді мамандар.