«Сыртымыздан жау алмасын». Жигули Дайрабаев сайлауалды жоспарымен бөлісті

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының атынан кезектен тыс президент сайлауына түсетін Жигули Дайрабаев сайлауалды жобаларының бағытын  айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Партияның кезектен тыс ХХ съезінен кейін үміткер Жигули Дайрабаев журналистердің сұрағына жауап берді.

Біздің негізгі мақсатымыз тек ауыл шаруашылығын емес, бүкіл ел халқының әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын жақсату. Халықтың байқуатты өмір сүруі негізгі бағыт пен бағдар болмақ, - деп жауап берді ол.

Геосаяси ахуал ушығып тұрғанда Президент болуға қорқынышыңыз жоқ па?

Әрине, Президент болу оңай нәрсе емес. Өзімінің жеке басымның мүддесінен халықтың мүддесі жоғары болуы керек. Халыққа адал қызмет ету керек. Мен азамат ретінде өмірлік тәжірибем бар. Сондықтан мені партиялас әріптестерім ұсынған кезде біраз ойландым, - деді Қазақстан фермерлер қауымдастығының басқарма төрағасы Дайрабаев.

Лайықты деңгейде дауыс жинайтыныңызға сенесіз бе?

Қанша дауыс жинайтынымды уақыт көрсетеді. Алдын ала мындай нәтижеге жетеміз деп кесіп айтуға болмайды. Лайықты дауыс жинайтыныма сенемін. Әріптестерім үлкен үміт артып отыр, - деді Дайрабаев.

Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағытын құптайтынын атап өтті.

Қоғамда ең бірінші әділеттілік болуы керек. Әділ қоғам құруға талпынумыз керек. Қоғамда белгілі бір тәртіптің болғаны жөн. Біз өз бағдарламамызды енді дайындаймыз. Мемлкетте азық-түлік қауіпсіздік мәселесін шешілуі керек. Қазір ауыл халқының бәрі қалаға көшіп жатыр. Жұмыссыздық мәселесі тағы бар. Ауылдың инфрақұрылымына жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Осы мәселелердің төңірегінде әрекет жасаймыз, - деді фермерлер қауымдастығының басқарма төрағасы.

Партия өкілі өзінің басты ұстанымын айтты. 

Қазіргі геосаяси ахуалды да ескеріп отырмыз. Оны өздеріңіз де көріп, біліп отырсыздар. Сондықтан басты мәселе мемлекеттің, халықтың бірлігі болуы керек. Қоғамда тыныштық болуы қажет. Қазақ бата бергенде айтатын сөз бар. «Сыртымыздан жау алмасын, ішімізден дау алмасын». Менің негізгі қағидам солай, - деді Жигули Дайрабаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы