Сыртқы істер министрлігінің жаңа ресми өкілі тағайындалды

Ерлан Жетібаев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы – ресми өкілі болып тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан Республикасы СІМ мәліметінше, Ерлан Жетібаев 1984 жылы 15 желтоқсанда Қарағанды қаласында дүниеге келген. 2006 жылы Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 2006 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментінде маман ретінде бастаған.

2009 жылы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік активтерді басқару методологиясы, ішкі қаржылық бақылау және бюджеттік несиелендіру департаментінің сарапшысы, 2009-2011 жылдары ҚР СІМ Әкімшілік және бақылау департаментінде үшінші хатшы, 2011-2017 жылдары Қазақстанның Таиландтағы елшілігінде екінші, бірінші хатшы болған.

2017 жылы ҚР СІМ ЭКСПО-2017 Хатшылығының бірінші хатшысы, кейін ҚР СІМ Азия және Африка департаментінің бірінші хатшысы қызметінде жұмыс істеген.

2018-2020 жылдары "Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы" КеАҚ Қамтамасыз ету қызметі хатшылығының басшысы, Халықаралық ынтымақтастық және климаттық инвестициялар департаментінің директоры қызметтерін атқарған.

2020-2023 жылдары ҚР СІМ баспасөз қызметінде кеңесші және басшы, 2023-2025 жылдар аралығында ҚР СІМ Коммуникациялар департаменті директорының орынбасары болған.

2025 жылғы наурыздан бастап бүгінге дейін ҚР СІМ Коммуникациялар департаментінің директоры қызметін атқарған.

II сыныпты кеңесші дипломатиялық дәрежеге ие. Ағылшын және түрік тілдерін меңгерген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: СІМ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы