Сыртқа шықпаңыздар: Астана әкімдігі тұрғындарға ескерту жасады
Астанада екі тәулік бойы нөсер жаңбыр жауып, ірі бұршаққа ұласты, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігіне сілтеме жасап.
"Қазгидромет" мәліметінше, екі күн ішінде Астанада 48 мм жаңбыр жауған, айлық норма – 31 мм. Яғни, екі күн ішінде жауын-шашын мөлшері 1,5 айлық мөлшерден асып түсті.
Коммуналдық қызметтер толықтай күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қала бойынша 200 бірліктен астам арнайы техника жұмылдырылды, олар жергілікті орындарда су сору жұмысын жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта жаңбыр тоқтаусыз жауып тұр.
Толассыз жаңбырға байланысты бірқатар көшеде көлік қозғалысы шектелген:
- Тұран даңғылының Керей-Жәнібек хандар көшесінен Ұлы Дала даңғылына қарай;
- Хусейн Бен Талал көшесінен Ұлы Дала даңғылына қарай;
- Ұлы Дала даңғылының Қабанбай батыр даңғылынан Айтматов көшесіне дейін;
- Нәжімеденов көшесінің Тәуелсіздік көшесінен Аманжолов көшесіне дейін.
Қала тұрғындары мұндай қолайсыз ауа райында сыртқа шықпағаны жөн, - деп ескертті әкімдіктен.
Айта кетейік, коммуналдық қызметтер коллекторлар мен жаңбыр қабылдағыштарды тазарту, құбырларды булау, су бұру, нөсерлі кәріз жүйелері мен тазарту құрылысын салу және т.б. бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіп жатыр.