Сыртқы істер министрі еуропалық және қытайлық әріптестерімен келіссөздер жүргізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Испанияға "Азия-Еуропа" форумының (АСЕМ) Сыртқы істер министрлерінің 14-ші кеңесіне қатысу үшін екі күндік іссапары басталды.

Іс-шара аясында Министр М. Тілеуберді Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Борреллмен және ҚХР Сыртқы істер министрі Ван Имен екіжақты келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Министр М. Тілеуберді Ж. Борреллді Еурокомиссияның Вице-президенті – ЕО Жоғарғы өкілі қызметіне кірісуімен құттықтады. Еуропалық кеңестің Президенті Дональд Тусктің ү.ж. мамырда Қазақстанға жасаған ресми сапары Нұр-Сұлтан мен Брюссель арасындағы жоғары деңгейдегі диалогқа айтарлықтай қарқын берді.

ЕО Жоғарғы өкілі, өз кезегінде, Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі маңызды рөлін ерекше атап өтіп, Ауғанстанға байланысты бітімгершілік күш-жігері үшін ризашылығын білдірді.

Еуропалық дипломатия басшысы ҚР Сыртқы істер министрінің 2020 жылғы қаңтардағы Брюссельге алдағы сапарын және ҚР-ЕО ынтымақтастық кеңесінің 17-ші отырысын өткізуді құптады.

Ж. Боррелл келесі жылы Нұр-Сұлтан қаласына сапармен келуге дайын екендігін және Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің күшіне тезірек енуіне мүдделілігін растады.

ҚХР Сыртқы істер министрі Ван Имен кездесу аясында тараптар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға ағымдағы жылдың қыркүйек айында жасаған табысты мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша мәңгілік жоғары көлемді стратегиялық серіктестік орнағанын қанағаттанарлықпен атап өтті.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі қарқынды өсуін атап өтті. Бұған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен «Белдеу және жол» бастамасы шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды дер кезінде іске асыру ықпал етеді. Бұл ретте, IT технологиялар мен жаңартылатын энергия көздері салаларындағы заманауи жоғары технологиялық жобаларға ерекше мән беріледі.

М. Тілеубердінің Ван Имен бірінші кездесуі барысында жоғары және жоғарғы деңгейдегі сапарлармен алмасу арқылы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту туралы, сондай-ақ БҰҰ, АӨСШК, ШЫҰ және АСЕМ сияқты көпжақты алаңдар шеңберінде өзара қолдау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы