Сырдарияда болған қайғылы оқиғаның мән-жайын куәгерлер айтып берді
Түркістан облысындағы қайғылы оқиғаның куәгерлері сол кезде жағалауда болғандардың барлығы суға батып бара жатқандарға көмектесуге асыққандарын айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
КТК телеарнасының мәліметінше, Сырдарияда 11 адам суға батып кеткен, оның тоғызы бала. Оқиға кешкі сағат алтылар шамасында болған. Көпбалалы отбасы, жиыны 21 адам, әке, бала-шаға бар, тойдан кейін демалу үшін судың жағасына келген екен. Куәгерлердің айтуынша, бір кезде суға батып бара жатқан баланың дауысы естілген.
Адамдардың айтуынша, сол отбасының бір баласы суға түсіп жүріп, бата бастап айқайлаған. Анасы оны құтқару үшін суға секірген. Оның соңынан қалған балалары секірген, одан кейін ересектер де құтқару үшін суға қойып кеткен. Бір үйден бес адам, екінші үйден үш адам суға батып кетті. Барлығы бір әулеттің ұрпақтары. Орны толмас қайғы, - дейді Көксарай ауылының тұрғыны Мұсабек Сарымбет.
Сол кезде жағада болғандардың барлығы суға батып бара жатқандарға көмектесуге асыққан.
Жағада отырған балықшылар да, басқа демалушылар да, олар суға батып бара жатқан бірнеше адамды алып шыққан. Бірақ 11 адамды, екі әйел мен тоғыз баланы құтқару мүмкін болмады, олардың ең кішісі небәрі 4 жаста.
Жағадан суға кірген бойда тереңдеп кетеді. Су лай. Кей жердің ағыны қатты. Кейбіреулерін жағаның арғы бетінен алып шықты. Барлығы көмекке келді, - дейді оқиға куәгері Әділхан Аманов.
Суға батқандардың мәйітін іздеу жұмыстары бірнеше күннен бері жалғасып жатыр. 200-ден астам құтқарушы мен еріктілер 5 шақырым радиуста аумақты қарап шықты. Сүңгуірлер де іздеп жатыр, дрондар да ұшырылды. Олар 10 жасар қыз бен 12 жастағы ұл баланы іздеп жатыр.
Адамдар бұл жерде өзен сатқын дейді.
Судың лай, мүлдем көріп болмайды. Ағыс орташа, бірақ тереңдікте ойпаттар көп. Соңғы мәйітті оқиға орнынан бір жарым шақырым жерден таптық, - деді Түркістан облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев.
Еске салсақ, 21 тамызда сағат 17-40-та Түркістан облысы Отырар ауданында, Көксарай ауылынан 3 км жерде, Сырдария өзенінде шомылуға рұқсат етілмеген жерде шомылу кезінде 11 адам суға батып кеткен болатын.