Сырдария өзені арқылы секундына 800 текше метр су келеді – министр
Осы жылдың наурыз айында Сырдария өзені арқылы секундына 800 текше метр су келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қызылорда облысының шаруаларымен кездесуде Өзбекстанмен тиісті уағдаластық бар екенін айтты.
Министрдің айтуынша, аталған су көлемі Қазақстанға осы жылдың ақпан және наурыз айларында келуі тиіс. Ақпан айында өзбек тарапы өз міндеттемелерін орындады, сондықтан бұл көрсеткіш наурыз айында да сақталады деп күтілуде.
Шаруалармен кездесуге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «Қазсушар» кәсіпорнының және Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының жергілікті филиалының басшылары, сондай-ақ су үнемдеу технологиялары саласындағы отандық және шетелдік компаниялардың өкілдері, сарапшылар мен ғалымдар қатысты.
Нұржан Нұржігітов министрлік жұмысының негізгі бағыттары туралы баяндама жасады. Мәселен, Қазақстан бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 57 су қоймасын салу жоспарланып отыр, оның 20-сын Су ресурстары және ирригация министрлігі салады.
Атап айтқанда, Қызылорда облысында Қараөзек су қоймасын салу үшін жобалау-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Нұржан Нұржігітов жоба бойынша құрылыс жұмыстары осы жылдың соңына дейін басталуы мүмкін екенін айтты.
Сондай-ақ, 133 гидротехникалық құрылысты және 14 мың шақырымнан астам суару желілерін жөндеу жоспарлануда. Қызылордада австралиялық Rubicon Water компаниясымен ирригациялық каналдарды жаңғырту бойынша бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Бір ай ішінде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталуы тиіс. Содан кейін оны Қазақ Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының сарапшылары зерттейді.
Өз баяндамасынан кейін Нұржан Нұржігітов суару маусымына дайындық, су жинау, гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі, үнемді ауыл шаруашылығы дақылдарын енгізу, су үнемдеу технологияларын пайдалану және басқа да маңызды мәселелер бойынша спикерлердің баяндамаларын тыңдады.
Бірінші кезекте су үнемдейтін технологияларды енгізу және суды тұтыну мәдениетін қалыптастыру қажет. Мемлекет бұл үшін субсидия көлемін ұлғайтуға және суармалы суға тарифті төмендетуге дейін барлық жағдайды жасайды. Шетелдік компаниялардың өнімі немесе отандық әзірлемелер болсын қажетті технологиялар да бар, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Кездесу соңында су үнемдеу технологиялары саласындағы отандық және шетелдік компаниялардың өкілдері Қызылорда облысының шаруаларына өз өнімдерін таныстырды.