Сырбойылық студенттер саяси науқанға қолдау көрсетті

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Сырбойылық жастар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде кезектен тыс пезидент сайлауын өткізу туралы үндеуін қолдап, форум өткізді.

Басқосуға жиналған екі жүзге жуық студент әуелі Елбасының ерен еңбегін сөз етті.

«Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Талғат Тілестің айтуынша, Тұңғыш Президенттің жастарға жасаған қамқорлығы орасан зор.

«Елбасы әркез жастарға ерекше назар аударды. Тұңғыш Президент өзінің әрбір Жолдауында, мемлекеттік бағдарламаларында жастарға қолдау білдіріп келеді. Мұның бірден-бір айғағы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Тарихымызға көз жүгіртсек, 1993 жылы Елбасымыз экономикалық қиындықтарға қарамастан Қазақстан жастарына арналған «Болашақ» стипендиясын тағайындады. Бағдарлама аясында сан мыңдаған еліміздің жастары ата-бабасының аяғы баспаған жерде, елде білім алып, қазіргі таңда елге қызмет етуде. Міне, ел болашағын ойлаған Тұңғыш Президентіміз әркез келелі шешім қабылдап келді. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы шешімін біз жастар толық қуаттаймыз. Бұл – Тұңғыш Президентіміз салып берген сара жолын әрі қарай жалғап, елімізді өркендетуге жасалған нақты қадам», – деді Талғат Тілес.


Қызылорда облыстық «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығының мүшесі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қанатының төрағасы Артем Кошманның пікірінше, кезектен тыс президенттік сайлау халықты бір мақсатқа топтастыратын науқан.

«Экономиканы тұрақтандыру, ел игілігін арттыру жолындағы ендігі түйінді мәселелерді шешу үшін сайлаудың мерзімінен бұрын өтуі тиімді шешім», - деді Артем.

Форум соңында студенттер жастар сайлауды қолдау жөнінде өз үндеулерін жариялап, жиынды мерекелік концертке ұластырды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы