Сыра мен мотор майларына цифрлық таңбалау: Нарық қалай бейімделіп жатыр?
Жүйе іске қосылған алғашқы 25 күннің өзінде «Сыра және сыра сусындары» санаты бойынша 6 500-ден астам кәсіпкер тіркеліп үлгерген.
1 ақпаннан бастап Қазақстанда сыра және сыра сусындарына, сондай-ақ «Мотор майлары» тауар тобына міндетті цифрлық таңбалау талабы күшіне енді. Бұл шешім тауар айналымының ашықтығын арттыруға және заңсыз өнім көлемін қысқартуға бағытталған болатын. Нарық мұндай өзгеріске қалай бейімделіп жатыр? BAQ.KZ тілшісі анықтап көрді.
Жүйе іске қосылған алғашқы 25 күннің өзінде «Сыра және сыра сусындары» санаты бойынша 6 500-ден астам кәсіпкер тіркеліп үлгерген. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді.
Осы уақыт ішінде 14,7 миллионнан аса таңбалау коды шығарылып, оның 4,2 миллионы нақты өнімге жапсырылған. Бұл көрсеткіштер бизнес субъектілерінің жаңа цифрлық форматқа бейімделуге дайын екенін және техникалық инфрақұрылымның тұрақты жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді. Қазіргі таңда платформа штаттық режимде жұмыс істеп, өнімнің өндірушіден бастап бөлшек сауда нүктесіне дейінгі қозғалысын толық бақылауға мүмкіндік беріп отыр, - дейді министрлік.
Сыра өнімдерін таңбалау саланың өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып енгізілуде.
Маусымдық сұраныс, қаптамалардың әртүрлілігі және көп айналымды ыдыстардың логистикасы назарға алынған. Осыған байланысты енгізу мерзімдері кезең-кезеңімен белгіленді. Алдымен кег форматындағы өнімдерге талап 1 ақпаннан бастап қолданылады, шыны бөтелкедегі сыраға – 2026 жылдың қыркүйегінен, алюминий банкадағы өнімдерге – келесі жылдың қаңтарынан бастап енгізіледі, - деп мәлімдейді министрлік.
Министрлік ұсынған мәліметке сүйенсек, мұндай кезеңдік тәсіл нарық қатысушыларына есеп жүйелерін жаңартуға, кодтарды агрегациялау мен тексеру процестерін реттеуге, өндірістік және логистикалық циклдерді жаңа талаптармен сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар цифрлық бақылау жүйесін біртіндеп кеңейту операциялық тәуекелдерді азайтып, тауар жеткізу тізбегінің тұрақтылығын сақтауға ықпал етеді.
Айта кету керек, цифрлық таңбалау тек қаптамаға код орналастырумен шектелмейді. Бұл – тауар қозғалысын толық қамтитын бірыңғай цифрлық қадағалау тетігі. Мемлекет үшін ол көлеңкелі айналымды азайтудың және сала бойынша нақты аналитикалық дерек алудың тиімді құралы болса, адал бизнес үшін – жосықсыз бәсекеден қорғану және нарықтағы тең жағдайды қамтамасыз ету мүмкіндігі. Ал тұтынушы үшін өнімнің түпнұсқалығы мен шығу тегіне қатысты қосымша кепілдік беріледі.
Сонымен қатар Сауда және интеграция министрлігі сыраны міндетті цифрлық таңбалауды енгізу мерзімін кейінге қалдыруға қатысты шешім жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Аталған жоба 2026 жылғы 25 ақпан мен 2 наурыз аралығында Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланып, ашық форматта талқыланады.
Бұған дейін Қазақстанда мотор майлары цифрлық бақылауға өтетінін, автокөлік иелері үшін не өзгеретінін толығырақ жазған едік.