"Сыра короліне" тиесілі мәдениет сарайының тағдыры шешілді

Ғимарат 2024 жылдың сәуір айында "KazBuildExpert" ЖШС-інің сарапшы мамандары сарайдың қазіргі жай-күйін, сенімділігі мен беріктігін тексеруге техникалық зерттеу жасады. Зерттеу қорытындысы бойынша фосфоршылар сарайын бұзу туралы шешім қабылданды. Оның орнына сырт келбеті сақталған, заманауи, әрі жайлы ғимарат салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ Шымкент әкімдігіне сілтеме жасап.

Дегенмен, жаңа ғимаратта бұрынғы мәдениет үйінің қасбеті мен архитектуралық ерекшеліктері және атқаратын функциясы да сақталады. 

Шымкенттегі "Фосфоршылар" мәдениет сарайының ғимараты 1975 жылы тұрғызылған. Өкінішке орай, кеңестік кезеңдегі сәулет өнерінің осы бір туындысы иесінің болғанына қарамастан, ұзақ жылдар бойы қараусыз қалды. Алдымен, ондағы құнды заттың барлығы тоналды. Одан кейін сарайға металл ұрылары қол сұқты. Олар бетондарды қиратып, арасындағы арматураларды кесіп алып, ғимараттың конструкциясына орасан зор зиянын тигізді. 

Жаңа ғимараттың құрылысымен "Сәби" қайырымдылық қоры айналысатын болады. Жұмыс күзде, ескі ғимарат бұзылғаннан кейін басталады деп жоспарлануда. Қордың тапсырысы бойынша мамандар болашақ мәдениет сарайының толық дизайн-жобасын әзірледі.

Біздің бірінші кезектегі міндетіміз қасбеттердің жалпы архитектурасын сақтау болды. Жоба авторлары бұл міндетті шеберлікпен орындап шықты, – деп хабарлады әкімдік.

Жобаға сәйкес, орталық порталдардың стилистикасы қайта қаралады: оларға тарихи емес, бірақ, соған жақын қазіргі заманғы параметрлік ою-өрнектер қосылады. Оның негізінде қазіргі заманғы стильге сай келетін көркем ромб бар. Осылайша, тарих пен қазіргі заман арасындағы нәзік байланыс сақталып қалмақ. Нәтижесінде сарайға қараған адам оны мүлде жаңа ғимарат деп айта алмайды, яғни, жоба дизайнерлері қазіргі күнмен астасып, тұтасып жатқан тарихи қасбетті жасап шыққан.

Мәдениет сарайында әртүрлі өнер мен кәсіпті, пайдалы дағдыларды үйренгісі келетін адамдарға арналған білім беру орталығы жұмыс істейді. Ол үшін ғимаратта әртүрлі шеберханалардан (өнер, керамика, ағаш ұстасы, аспаздық зертхана, қолөнер, 3D прототиптеу, макеттеу, баспа цехы) бастап, дыбыс жазу студиясы мен телестудияға дейінгінің барлығы болады. Коворкинг және Digital-зертхана түріндегі жастарға арналған кеңістік те қарастырылған.

Шымкент қаласының әкімдігі жаңа ғимарат шымкенттіктерді ерекше қуанышқа бөлейтініне сенімді. Аумақты абаттандыру да ұмыт қалмаған. Сарайдың маңына гүл мен ағаш көптеп отырғызылып, субұрқақтар, аллеялар, балалар және спорт алаңдары салынады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Шымкент қаласының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы