Сыр өңірінде эпидемиологиялық ахуал күрделеніп барады
Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен бриифингте Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов мәлімдеді.
Облыс әкімінің орынбасарының хабарлауынша, аймақта эпидемиологиялық жағдай өршіп барады. 7 сәуір сағат 16:00-дегі жағдай бойынша жұқпалы індетпен ауырғандар саны 54-ке жетіп отыр. Нақты айтқанда, Қармақшы ауданы бойынша – 4 науқас, Сырдарияда – 1, Шиеліде – 24, Жаңақорғанда – 16, Қызылорда қаласында – 9 науқас тіркелді. Бәрі облыстық, аyдандық жұқпалы аypулар аypуханасына жатқызылды.
Коронавирус инфекциясын жұқтырғандармен байланыста болған 844 адам анықталды. Оның ішінде жақын байланыс орнатқан 344 адам ауруханаға жатқызылып, карантинге алынды. Ал 500 адам үйінде, дәрігерлердің бақылауында, - деді Байқадамов.
Облыс әкімінің орынбасары залалсыздандыру жұмыстары туралы айтып берді.
Әскери бөлімдердің, қалалық, аудандық әкімдіктердің күшімен облыс көлемінде жалпы аумағы 1 323 489 шаршы метр болатын адам көп шоғырланатын орындар (базар, автовокзал, теміржол вокзалы және тағы басқа) залалсыздандырылды. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі «Ұлттық сараптама» орталығының облыстағы филиалы жұқпалы індеттің ошақтарына залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді, – деді Наурызбай Сейітқалиұлы.
Бүгінде облыс орталығына кіретін жолдарға 5 блок-бекеті қойылды. Бірінші бағыт – Президент саябағы маңында, екіншісі "Эдельвейс" саяжайы, үшіншісі – Қызылорда-Жалағаш авто жолының Қараөзек ауылы, төртіншісі Қызылорда-Жезқазған авто жолы Абай ауылы тұсында орналасқан. Бесіншісі "Шиелі-Қызылорда" авто жолында қойылған.
Аймақ бойынша Қызылорда, Байқоңыр қалалары және барлық ауданға кіріп-шығатын жолдарға үш санитарлық бақылау бекеті, 32 блок-бекеті қойылған. Осы блок-бекеттер мен санитарлық бақылау бекеттері күні бүгінге дейін 12 306 жолаушы мен 6 885 автокөлікті тексеруден өткізді, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Байқадамовтың хабарлауынша, қазіргі кезге дейін төтенше жағдай режимін бұзу бойынша 179 дерек тіркелді. Олардың 51-іне әкімшілік айыппұл салынды, 58-і әкімшілік қамауға алынды.
Айта кетейік, Қызылордада "Birgemiz Qyzylorda" аймақтық қоры құрылып, жұмысын бастады. Қор тарапынан 6 313 мұқтаж азамат азық-түлікпен және тұрмыстық жиынтықпен қамтылмақ. Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде жұмыстан айрылылған 10 702 азаматтың әлеуметтік төлемге (42 500 теңге) электронды түрде өтініші қабылданды, 3509 адамға 149,1 миллион теңге көлемінде төлем аударылды.