Сыр елінде 2025 жылға дейін 42 ауыл көгілдір отынға қосылады

Қызылорда облысында газдандыру бағытында ілкімді істер атқарылуда. Бүгінде Қызылорда, Арал, Байқоңыр қалалары және 17 ауылдық елді мекен газдандыру желісіне қосылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2022 жылы 14 газбен жабдықтау жобаларын жүзеге асыруға 5,8 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде, 4,3 млрд теңгесі республикалық, 542 млн теңгесі облыстық бюджеттен бөлінсе, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында – 795,0 млн теңге, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 257,0 млн теңге қаралған. 

Жыл басынан бергі 9 айдың қорытындысы бойынша Қазалы қаласы, Шиелі ауданының Алғабас, Ақмая елді мекендерін газдандыру мен Тереңөзек кентіндегі газдандырылмай қалған көшелерге газ құбырын тарту жобалары аяқталып, пайдалануға берілді. Биылғы жылдың ІІ жартыжылдығында Қармақшы ауданындағы Төретам кенті мен Ақай ауылын, Арал ауданындағы Сексеуіл кентін газдандыру және Шиелі ауданындағы Тартоғай елді мекенінде АГТС орнату жобалары жүзеге асырылып жатыр. 

Ал, Қызылорда қаласына қарасты Наурыз және Махамбет елді мекендерінде 2021 жылы басталған  газдандыру жобасының құрылыс жұмыстары 2023 жылға өтпелі жобалардың қатарында. 

Сонымен қатар, аймақ басшысының тапсырмасымен 2022-2025 жылдар аралығында 42 ауылдық елді мекенді газ құбырына қосу жұмыстарын жалғастыру жоспарлануда

Айта кету керек, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев БАҚ-на берген сұхбатында аудан орталықтары толықтай газға қосылғанын және облыстың газдандыру деңгейін биылғы жылы 68%-ға дейін жеткізу жоспарланғанын айтқан болатын.

Шынында, аймаққа қарасты ауылдық елді мекендерін газдандыру халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартумен қатар, облыс экономикасына қосымша серпін беретіні анық.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы