Сыр бойында ауыл бар Абай деген

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Сыр өңірінде де ұлт кемеңгері Абай Құнанбайұлының атымен аталатын білім ошақтары, көшелер, елді мекендер баршылық. Солардың бірі – Қызылорда қаласына қарасты Абай ауылы. 

Ұлы ақынның мерейтойы жылында Қосшыңырау ауылдық округінің орталығы саналатын бұл қоныстың жай-күйімен, тыныс-тіршілігімен таныстыра кеткенді жөн көрдік.

Ауыл әкімі Дулат Таубайдың мәліметінше, 1930 жылдары құрылған Жыңғылдыкөл, Жаңаталап, Сталин, Интернационал ұжымшарларының бірігуінен хәкім атындағы ауылдың негізі қаланған. Қазір мұнда 560 түтін бар.

Біздің аумақта үлкен өндіріс орындары болмаса да ауыл тұрғындары еңбекқор, олардың шағын кәсіппен айналысу көрсеткіші жаман емес. Биыл көктем айларында ауылға табиғи газ кірсе, тіршілік одан әрі қайнай түседі, – дейді әкім. 

Абай атаның шарапаты тисе керек, бұл ауылда Иран-Ғайып, Ділдахан Торғаева сынды ақындар дүниеге келген. Сөз патшасын серік еткен жас дарындар да бар.

Иран-ғайып ағамыз осы ауылдың кіреберісіне Абай әлеміне арналған аллея жасауды армандайды. Тіпті аллеяның макетін де өзі сызды. Алайда қаражат мәселесі шешілмей тұр, – дейді Дулат Таубай. 

Әзірге ауылдың орталығында Абайдың бюсті бар екен. Ол Абай атындағы №138 орта мектептің ауласына қойылған. Дегенмен ескерткіш ескірген, силикат кірпішпен қаланған тұғыры мүжілген. Оның сыртын сырлап, қанша әдемілегенімен ұсқыны кеткені көрініп-ақ тұр.

Дулат Тайбайдың айтуынша, мүсін сәтсіз шыққан және оның авторы беймәлім. Қаржы көзі табылса, ұлы ақынның 175 жылдығы аясында жаңа еңселі ескерткіш орнатуды жоспарлап отыр.


 

№138 мектеп Қазақстан тәуелсіздік алғанда есігін айқара ашыпты. Білім ордасынан апаратын көше – А.Құнанбаев атында. Көше асфальтталған, теп-тегіс.

Мектептің басшысы Кенжегүл Қуанышбаеваның айтуынша, ұстаздар мен оқушылар хәкімнің мерейтойына жауапкершілікпен қарайды.

Ақын атындағы білім шаңырағы болғасын Абай Құнанбайұлын айрықша дәріптеуге, ұлықтауға тырысамыз және оның мұраларын санамызға тоқу үшін түрлі шаралар жасаймыз. Күні кеше облыстық ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен «Абай жаққан бір сәуле сөнбеуі үшін» деген мағыналы шара өтті. Бұған біздің мектеп те, ауыл кітапханасы да атсалысты, – дейді мектеп директоры. 


 

Байқауымызша, мектептің әрбір оқушысы Абайдың өлеңдерін жатқа айтады екен. Кем дегенде бір-екі өлең әр баланың жадында жатталған.

Оның айтуынша, 500-ге жуық оқушы білім алатын мектептің жетістігі аз емес. Атап айтсақ, осы білім ордасының мұғалімі Әсел Пірімова облыстың "Жылдың үздік ұстазы" болған. Былтыр мектепті бітірген 20 оқушының 13-і университетің, бесеуі колледждің студенті атаныпты.

Абай ауылында алтын құрсақты аналар тұрады. Солардың бірі – Нағима Аймағанбетова. Батыр ана 15 баланы дүниеге әкелген. Отбасылық қарым-қатынасты ғылым десек, көргені мен түйгені көп Нағима апа сол ғылымның "докторы" деуге болады. Келін, қыз бен ұл тәрбиесі, әкенің рөлі, ене мен ананың жауапкершілігі турасында өз тәжірибесінен терең де өнегелі әңгіме қозғайды.

Құдайға шүкір, 15 баланы дүниеге әкеліп, бағып-қақтық. Олардың әрқайсысы әр салада қызмет етеді. Дүниеге ұрпақ әкеліп, оны саналы қылып тәрбиелеу – елге, Отанға қылған қызмет деп білемін. Көпбалалы болғаны жақсы, бірақ оны міндетсіну дұрыс емес. Өмір болғасын қуанышы мен қиындығы қатар жүреді, соның бәрін көтере білу – ерлік. Үлкенді сыйлап, кішіге ізеттілік қылып, ерінбей еңбек ету керек. Адам кез келген ортаға мінезімен сияды, мамандығы өз алдына асыл мінезі бар адам әр ұжымның, әр отбасының көркі, – деді Батыр ана. 

Нағима апа енесімен 43 жыл бірге тұрыпты. Осынау уақытта әй-шәй десіп көрмеген. 15 баласы да әжесінің аялы алақанын сезініп, тәрбиесінде болған. 

Көбінесе менің жұмыстан қолым босамайтын, күріш ектім. Әр гектеардан 90 центнер өнім алған кезіміз болды, – дейді ол. 

Батыр ана еңбектің арқасында заманында аудандық, облыстық кеңестiң депутаты, партия пленумдары мен съездерiнiң делегаты болып та сайланған. Облыстың өзекті мәселелерін де көтерген екен. Қазір Нағима апа ауылына сыйлы, елдің амандығын, жеріміздің тыныштығын тілеп отырады.

Ауылдың келіндері осы Батыр анадан үлі алады. Солардың қатарында ұлты орыс болғанымен жүрегі қазақ болып кеткен келін Надежда Лукьянова да бар. Ол 9 баланың анасы, өзі небәрі 32 жаста.

Жолдасым – қазақ. Қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін сақтаймын. "Балалы үй – базар" дейді ғой, балаларымыздың көп болғанын қаладық. Үйде улап-шулап, арқа-жарқа болып отырамыз. Әр баланың өз несібесі бар, ырзық-несібе үйге жетіп тұр. Соңғы жылы Қасым-Жомарт Тоқаев та көп балалы аналарға көп көмектесіп жатыр, – дей келе Надежда "Менің бақытым – балалар және Құдай қосқан жарым" деп сөзін түйіндеді. 

Сонымен қатар, ауылда сырқаттанғандарға алғашқы көмек көрсететін дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді. Негізінен ауыл тұрғындары Қызылорда қаласындағы №6 емханада барып қаралады.

Бұдан басқа Абай ауылында мәдениет үйі мен №5 кітапхана жұмыс істейді. Мәдениет үйінің әдіскері Әйгерім Исабекованың айтуынша, өздері еңбек ететін ғимараттың салынғанына 30 жылдан асып кеткен. Алайда 1991 жылы пайдалануға берілген. Ауылдың әрбір танымдық, мерекелік әрі көңілді кештер осында өтеді, кейде кино да көрсетіледі. Әсіресе, өрендердің өнерге қызығушылығы жоғары. Олар мәдени ошақтағы ән айту, домбыра тарту, көркем сөз үйірмелеріне қатысады. Алты жыл бұрын құрылған "Ақниет" әжелер ансамблі де тәлімі мол өнерімен көпшілікті тәнті етіп жүр.

Мәдениет үйінің үстіңгі қабатында орналасқан кітапхана – рухани азықтың қазынасы. Оқырмандар керегін тауып жатады. Өйткені, мұнда кітап қоры 23 мыңнан асады.

 

Кітапханамыздың бір қабырғасында Мұхтар Әуезовтің кітаптарынан "Абай" бұрышы жасақталды. Бір жақ шеті басқа да мерейтой иелеріне арналған материалдар жинақталған. Әр жанр бойынша кітаптар бар, тапшылық жоқ. Осы ретте 900-ге жуық оқырманымыз барын мақтанышпен айтқым келеді, – деген кітапханашы Күлайша Сынасапованың ендігі мақсаты – коворкинг орталығын ашу.

 

Ұлы ақынның мерейтойы аясында Абай ауылының жағдайын жақсарту шаралары жасалса игі. Дегенмен елді мекенде шешімін таппай отырған аз-маз мәселелер де бар. Мәселен, мәдениет үйінің төбесі жабылмаған, яғни шатырлау керек. Әйтпесе, жаңбырлы күндері мәдени ошақтың екінші қабатындағы кітаптар су астында қалу қаупі бар. Сондай-ақ, биші, баян тартушы мамандар қажет. Бұған қоса, музыкалық аппараттар, құрылғылар, аспаптар көнерген, оларды да жаңалау керек екен.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы