Сынып жетекшісінің негізгі міндетіне не кіреді
Елімізде пән мұғалімдері оқушыларға сабақ беріп қана қоймай, сыныпқа жетекшілік етуді де қатар алып жүреді. Олай болса, сыныпқа жетекшілік жасағандарға қандай міндет жүктеледі? Оған төленетін үстемақы көлемі қанша?
BAQ.KZ тілшісі сынып жетекшісінің заңда көрсетілген міндеттеріне шолу жасады.
Сынып жетекшісінің қызметі – білім беру ұйымының жарғысы, білім алушыларға білім берудің өзекті міндеттері, жаңартылған мазмұны, әдіснамасы, сондай-ақ тәрбие нысандары ескерілген тұлғалық бағдарлы тәсіл негізінде құрылған мақсатқа сай бағытталған, жүйелі, жоспарланған процесс.
Сынып жетекшісі тәрбие жұмысын ұйымдастыру саласында тиісті теориялық және практикалық білімді және оқыту дағдыларын меңгеріп, білім алушыларды жігерлендіріп, оларға қолдау көрсетіп және биік адами мұраттарға бағыттайды.
Сынып жетекшісі білім беру ұйымы басшысының, яғни директордың бұйрығымен тағайындалады.
Ал сынып жетекшісі қызметін жоспарлауды және бақылауды жалпы орта білім беру ұйымы басшысының (директорының) тәрбие ісі жөніндегі орынбасары жүзеге асырады.
Сынып жетекшісінің міндеттері
Сынып жетекшісі қызметінің мақсаты – балалардың жан-жақты дамуын ынталандыру, оқушылардың жеке басының қалыптасуы мен дамуына жағдай жасау, ата-аналармен (басқа да заңды өкілдермен) өзара байланыс орнату және оларды оқу мен тәрбие процесіне тарту.
1) салауатты өмір салтына ынталандыру;
2) азаматтық пен патриотизмге, өз Отанын сүюге, табиғатты қастерлеуге тәрбиелеу;
3) отбасы ара-қатынасын нығайту, үлкендерге құрметпен қарауға тәрбиелеу;
4) сыныпта достық ортаны, өзара түсіністікті құру;
5) оқушылардың жауапкершілігін арттырып, ұжымда жұмыс істей білуге баулу;
6) білім алушылардың өмір сүру жағдайларын білу;
7) ата-аналар жиналысын өткізу (педагогикалық консилиумдар, тренингтер, әңгімелер, ата-аналарға (басқа да заңды өкілдерге) арналған консультациялар);
8) білім алушылардың оқу жетістіктері және ішкі тәртіп ережелерін сақтау мәселелері бойынша ата-аналармен өзара әрекеттесу;
9) аптасына бір рет сынып сағаттарын өткізу;
10) білім беру ұйымының басшысын (директорын) сыныбымен тәрбие жұмысының жай-күйі туралы хабардар ету.
Сынып жетекшісінің функциялары
1) Ұйымдастырушылық және үйлестіру функциялары:
сынып жетекшісінің жұмыс жоспарын әзірлеу;
2) Аналитикалық функциялар:
оқушының жеке ерекшеліктерін зерттеу;
сыныптағы оқушылардың жалпы даму динамикасын және үлгерім жағдайын талдау.
3) Коммуникациялық функциялар:
білім алушылар арасындағы тұлғааралық қатынастарды реттеу;
сыныпта жалпы қолайлы психологиялық климатты қалыптастыруға ықпал ету;
білім алушылардың коммуникативті қасиеттерін қалыптастыруға көмектесу;
мұғалімдер, білім алушылар және ата-аналар (басқа да заңды өкілдер) арасындағы ынтымақтастықты дамыту.
4) Бақылау функциялары:
сыныптағы білім алушылардың үлгерімін, сабаққа қатысуын, сыртқы келбетін, эмоционалдық-психологиялық жағдайын бақылау.
Сынып жетекшісі өз функцияларына сәйкес білім алушылармен жұмыс жасау формаларын таңдайды:
1) жеке (әңгімелесулер, консультациялар, мәселелерді шешу жолдарын бірлесіп іздеу және т.б.);
2) топтық (шығармашылық бірлестіктер, өзін-өзі басқару органдары және басқалар);
3) ұжымдық (конкурстар, спектакльдер, концерттер, жорықтар, митингілер, жарыстар және т.б.).
Қашықтық форматында оқу процесін ұйымдастыру кезінде ата-аналарды (басқа да заңды өкілдерді) оқу процесі туралы, білім алушылармен кері байланыс орнату туралы, оқу барысы мен оқу нәтижелері туралы, білім алушылардың өз бетінше жұмыс істеуіне жағдай жасау қажеттілігі туралы хабарлайды.
Сынып жетекшілікке қанша теңге төленеді
Қазір мұғалімдер сынып жетекшілігі үшін 10 мың теңге алады.