16 Қараша 2026, 13:58 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Сынып жетекшілерінің жалақысына қосымша ақы қосыла ма? Министр нақты жауап айтты

Оқу-ағарту министрлігі педагогтердің еңбекақысына қосымша ақы төлеу мәселесін кезең-кезеңімен шешіп келеді. Қазір арнайы педагогтердің қосымша төлемін арттыру және сынып жетекшілеріне ақы төлеу мәселелері қарастырылып жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Құрылтайда өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, бұған дейін психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін мамандардың қосымша ақысына қатысты жүйелі мәселе болған. Қазір бұл мәселе шешімін тауып, қосымша төлем көлемі шамамен 60 мың теңгені құрап отыр.

Енді министрлік арнайы педагогтердің қосымша ақысын арттыру мәселесін қарастырып жатыр. Бұл бағытта депутаттармен бірлесіп, заңнамалық деңгейде жұмыс жүргізілуде.

Келесі кезекте сынып жетекшілерінің еңбекақысына қосымша ақы төлеу мәселесі пысықталады. Қазір министрлік осы бағытта жан-жақты талдау жүргізіп жатыр.

Біз бірден белгілі бір соманы қосымша төлейміз деп айта алмаймыз. Алдымен қанша сағат жүктеме бар екенін есептеуіміз керек. Мүмкін, бұл жеке пән ретінде енгізілер немесе басқа тәсіл қарастырылар. Сондықтан әзірге нақты бір шешім туралы айту ерте, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрдің сөзінше, сынып жетекшілерінің еңбекақысына қатысты мәселе ведомствоның бақылауында. Оны шешу бюджет мүмкіндігіне де байланысты.

Тәрбие жұмысының сапасы сынып жетекшілерінің жұмысына тікелей байланысты. Ал білім беру процесін тұтас сүйемелдеу мен оның тиімді ұйымдастырылуына да осы бағыттағы жұмыс әсер етеді. Сондықтан әзірге нақты мерзімін айта алмаймын. Дегенмен Оқу-ағарту министрлігі бұл мәселені жүйелі әрі кешенді түрде пысықтап жатқанын атап өткім келеді, – деді министр.