Сынып жетекшілері ата-аналарға ақыл ғана айтпауы керек – мектеп директоры

Сынып жетекшілері ата-аналарға ақыл ғана айтпай, пайдалы практикалық әдістерді де ұсынуы керек. Мұндай ойды С.Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейі директоры Гүлжан Төлеу айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мұғалімдердің кәсіби білігін арттырумен айналысатын Ustaz pro және Qundylyq орталықтары осы мақсатта Ustaz hub жобасын бастаған болатын. Мұғалімдерге арналған тегін шеберлік сабақтарына жарты жылда 1000-нан аса педагог қатысты. Осы жобаға қатысқан астаналық мектептердің директорларымен сұқбат құрып, олардың оқу процесін тиімді жүргізуде неге назар аударатынын білдік.

Астана қаласындағы С.Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейі директоры Гүлжан Төлеу білім саласындағы өзгерістер мен директордың негізгі миссиясы туралы айтты.

“Балалардың бойынша адамгершілік құндылықтарын дарытуға баса назар аудару керек”

Соңғы бірнеше жылдан бері білім саласындағы “тәрбиені бірінші санатқа қою” туралы бастаманы маңызды өзгеріс деп қабылдаймын. Жалпы, “педагогика” деген терминнің астарында да тәрбиеге үлкен мән беріледі. Директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болып жеті жыл қызмет атқарғанымда білімі таудай оқушыларымыздың бойында эмпатия жетіспей жататынын байқадым. Сондықтан балалардың академиялық білімін арттырумен қатар, олардың бойына адамгершілік құндылықтарды дарытуға да баса назар аударуымыз керек деп ойлаймын, - деді мектеп директоры.

“Директор барлық өзгерістің басында тұратын адам”

Гүлжан Төлеу айтып өткендей, директор мектеп қауымдастығының, яғни мұғалімдердің, оқушылар мен ата-аналардың назарындағы адам.

Әрине орынбасарлар бар, дегенмен жауапкершілік тек бір адамға ғана жүктелгендіктен, салмақ та тек бір адамға түседі. Осыған қарамастан, директор барлық өзгерістің басында тұратын адам. Өз басым, жаңалықты жақсы қабылдаймын. Егер бір жаңа әдіс өзім қызмет етіп жатқан мектепке, ұжымға оң өзгерістер әкелуі мүмкін деген сенім болса, оған терең бойлауға және сол өзгерістің ішінде бірге қайнауға тырысамын. Директор сырттан бақыласа жеткілікті деп жатады, мен бұған келіспеймін. Меніңше, өзгеріс процесін толық түсіну үшін соның ішінде бірге жүруің керек. Қазір қай деңгейдеміз, нені дұрыс, нені бұрыс жасап жатырмыз, бұдан әрі нені жақсартуымыз керек дегенді білу үшін де директор ұжыммен бірге болуы керек, - деп айтты басшы.

“Мұғалім жалғыз жүріп дами алмайды”

Біріншіден, мұғалімдерді өз пәні бойынша немесе басқа да тұрғыдан кәсіби дамуы үшін түрлі курстарға жібереміз. Бұл барлық директордың жасайтын міндетті жұмысы. Екіншіден, мұғалімдерге шабыт беруге тырысамын. Мұғалім жалғыз жүріп дами алмайды. Сондықтан әріптестермен сөйлесіп, олардың қызығушылығын, деңгейін, ұмтылысын байқай отырып, шабыт беруге күш саламын. Үшіншіден, біз мұғалімдердің мектеп ішінде кәсіби жетілуін қолға алдық. Бұл “Үздік педагог оқырман” байқауы деп аталады. Жыл бойы ұжым болып кәсіби кітаптарды таңдап оқимыз, - деді мектеп директоры.

Сөзінше, әр тоқсан сайын байқауға қатысушы мұғалім оқыған кітабы бойынша сынақ тапсырады және ұжымның басқа педагогтеріне семинар өткізеді. Қатысушыны мұғалімдердің өздері бағалайды. Жыл соңында қорытындысы жарияланып, жоғары ұпай жинаған екі мұғалім мектептің ақылы қызмет көрсету бюджеті есебінен жақын шет елдердегі кәсіби курстарға жіберіледі.

Екі жыл бұрын “Біздің мұғалімдер неге мақала жазбайды, өз саласы бойынша ой бөліспейді?” деген ой қатты мазалаған болатын. Ұжымдағы 250-ге жуық мұғалімнен 2-3 мұғалім ғана жаза алатын маман болды. Осы мақсатта екі жыл бұрын мектепішілік “Рефлексивті мұғалім” жобасын енгіздік. Қазір мектепте 30-ға жуық мұғалім әр әрекетіне рефлексия жасай алатын және оны қағаз бетіне түсіре алатынына сенімдімін. Жобаны кейінірек рәсімдеуге тырыстым, себебі нәтижесін көріп қуандым. Негізі, бұл заманауи білім беру процесінде бар дүние, жаңалық аштым дей алмаймын, тек соны мектебімнің мұғалімдері үшін түрлендірдім десем болады, - дейді Гүлжан Төлеу.

Биыл “Педагогтердің кәсіби жазу құзыреттілігін дамыту” тақырыбымен әдістемелік құрал болып қалалық деңгейде бекіді. Бұл жобаны алда да дамытқым келеді, себебі ол мұғалімдердің жазу машығын дамытып қана қоймай, команданы біріктіруге, ынтымақтастық орнатуға көмектеседі.

Жас мамандармен жұмыс қалай жүргізіледі?

С.Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінде жас мамандармен жұмыс жоспарлы түрде, жалпы білім беру ұйымдарына қойылатын талапқа сәйкес жүргізіледі.

Мәселен, тәлімгерлік, жылдық жоспар, сабақты жақсарту және т.б. Шынымды айтсам, осындай жоспардан гөрі еркін форматты жақсырақ қабылдаймын. Себебі өзіме жас мамандармен жұмыс істеу қатты ұнайды. Мектепішілік жобалар аясында жас мамандардың үлесі басқаларға қарағанда жоғары болады. Әсіресе “Құндылықтарға негізделген білім беру” жобасын жас мұғалімдер жақсы қабылдап, мектеп өміріне жаңалық енгізіп жатыр, - дейді мектеп директоры.

“Сынып жетекшілері ата-аналарға ақыл ғана айтпай, пайдалы практикалық әдістерді де ұсынуы керек”

Ата-аналар – біздің басты клиенттеріміз. Кейде ол кісілер “клиенттікі әрдайым жөн” деген ұғыммен кететіні бар. Бірақ қай ата-ана хабарласпасын, астарында бәрібір өз тарапымыздан кеткен кемшіліктерімізді түсініп жатамыз. Мектеп директоры ретінде тәжірибем аз, дегенмен ата-анамен жұмысты жүргізуде нақты және тиімді әдістерге жүгінеміз. Мысалы, сынып жиналысында бала тәрбиесіне қатысты қандай нақты мәселе бар, тек соны шешуге арналған практикалық кейстерді ұсынуға тырысамыз, - деп қоса кетті ол.

Егер мектепішілік жалпы семинар өтетін болса, мектептің өзіндегі проблемаларды шешу жолдарын қарастырып, шеберлік сыныптарын ұйымдастырған дұрыс.

Сынып жетекшілерін дамыту да маңызды рөл атқарады. Өйткені олар ата-анамен тікелей қарым-қатынас жасаушы. Сондықтан сынып жетекшілері ата-аналарға ақыл айтып емес, пайдалы практикалық әдістерді ұсынуы керек. Осы бағытта мектебімізде “Пайдалы 15 минут” жобасы жүзеге асып, бұл бастама оқушылармен және ата-аналармен жылы және сенімді қарым-қатынас орнатуға көмектесті. Жақында бір жас сынып жетекшісі мұны “Бақытты 15 минут” деп атапты, - дейді Төлеу.

Сонымен қатар пән мұғалімдерінің сапасын арттыру маңызды. Ата-аналар өздеріне ұнайтын мұғалімдерді үнемі айтып отырады, сондықтан мектеп басшылығы сондай мұғалімдердің қатарын көбейтуге бар күшін салуы керек.

Жаңа оқу жылы: Мақсат пен міндет

Гүлжан Төлеу жаңа оқу жылында мұғалімдерді кәсіби дамыту мақсатында жүргізіліп келе жатқан бірнеше жобаны тереңдете түсетінін айтты. Директор тағы бір нақты мақсат қойғалы отыр. Ол – мектептегі әр педагог біліктілік санатына қарамастан, өз тақырыбы бойынша ізденуіне қолдау көрсету.

Түсіндіре кетейін, мұғалімдер биыл аттестациядан өтер кезде авторлық бағдарлама немесе әдістемелік құрал дайындау бойынша біраз қиналды. Сол себепті осы оқу жылының аяғында әріптестерге “Сізді ойландыратын тақырып біздің мектептің ішінде шешілмей жатқан мәселелерді шешумен, өзіңіз сабақ беретін оқушылармен немесе сабағыңызды жақсартумен байланысты болса” деген ұсыныстар бердім. Жаз айында оқушыларға кітап оқуға тапсырма беріп жатамыз, биыл алғаш рет мұғалімдерімізге осындай ой тасталды, - деп түсіндірді ол.

Директордың сөзінше, жаңа оқу жылын сәтті бастау үшін бастысы — әріптестердің тың болып әрі өз миссияларын түсініп келуі.

Директордың негізгі миссиясы

Менің миссиям мектептің миссиясына ұқсайды. Мектептің миссиясы: “Біз үздіксіз даму үшін оқимыз!”. Мен басшы ретінде мұғалімдеріміздің үздіксіз кәсіби дамығанын, жаңалықтар жасағанын қалаймын. Өзім осы тұрғыда “Әріптестерімнің кәсіби дамуы және шабыттануы үшін не істей аламын?” деген ойдан арылған емеспін, - дейді мектеп директоры.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: кейіпкердің мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы