Сынып жетекшілерге төленетін қосымша ақы көбейеді
Елімізде мұғалімдердің сынып жетекшілігіне төленетін қосымша ақы өседі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған дейін депутаттар осы мәселеге қатысты Премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдаған болатын.
Үкімет басшысының жауабында мұғалімдерге сыныпты басқарғаны үшін төленетін ақысы кезең-кезеңімен көбейтілу мәселесі қарастырылып отырғанын айтты.
Балалардағы деструктивті мінез-құлықтың алдын алу бойынша оқушылармен және олардың ата-аналарымен тікелей қарым-қатынаста болатын 220 мың сынып жетекшісінің қызметін жүйелеу мақсатында олардың қызметі мен біліктілік сипаттамалары туралы ереже қайта қаралып жатыр. Олардың жағдайын жақсарту үшін бюджеттік мүмкіндіктерді ескере отырып, сыныпты басқару үшін қосымша төлемді кезең-кезеңімен 30%-ға арттыру мәселесі талқыланып отыр, - делінген Бектеновтің ресми жауабында.
Оқушылар, олардың ата-аналары мен мұғалімдері арасындағы жанжалды жағдайларды шешу үшін медиация әдістерін енгізуге бағытталған «100 медиация мектебі» жобасы 2022 жылдан бері 3 865 мектепте жүзеге асырылып келе жатыр.
Сонымен қатар, құқық бұзушылық деңгейі жоғары өңірлерде этикалық-құқықтық жұмыс бойынша тәлімгер лауазымын енгізу арқылы Жетісу өңіріндегі мектептердің оң тәжірибесін пайдалану бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қазір сынып жетекшілікке төленетін қосымша төлем 10 мың теңге.
Бұған дейін сынып жетекшісінің негізгі міндетіне не кіретінін жазған болатынбыз.