Сыншы, публицист Сағат Әшімбаевтың туғанына 75 жыл

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл көрнекті мәдениет және қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаевтың туғанына 75 жыл. Осыған орай бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Іс-шара барысында әкемізбен дос, замандас болған Қуаныш Сұлтанов, Нұрлан Оразалин, Алдан Смайыл, Смағұл Елубаев сияқты бірқатар ағамыз өткеннен сыр шертіп, біраз естелік айтты. Конференцияға қатысқан белгілі филолог ғалымдар мен қаламгерлер Сағат Әшімбаевтың шығармашылығы, қайраткерлігі, ұлттық телевизия мен журналистикаға сіңірген еңбегі туралы баяндамалар жасады. Сондай-ақ әкеміздің 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезіндегі азаматтығы да назардан тыс қалған жоқ, – деп жазды ұлы Мәулен Әшімбаев.

Мәулен Әшімбаев әкесі туралы естелігінде:

Шын мәнінде, әкеміз бүкіл ғұмырын ұлтқа қызмет етуге арнады. Не жазса да, не айтса да қазақтың әдебиетін, мәдениетін, руханиятын дамытуды көздеді. Ұлттық сананы қалыптастыру үшін бар күш-жігерін жұмсады. Кеңестік кезеңнің өзінде егемендіктің рухани тұғырын орнату үшін жұмыс істеді. Ұлтымыздың тілден, ділден, тарихи тамырдан ажырап қалмауына баса мән берді. Қандай қызметте болса да ұлттық мүддені бәрінен биік қойып, төл құндылықтарымызды дәріптеу үшін еңбек етті. Сондықтан Сағат Әшімбаев өзінің қысқа ғұмырында азамат, қаламгер, қайраткер ретіндегі өмірлік миссиясын толық орындап кетті деуге барлық негіз бар. Әкеміз оқуға, ізденуге, жаңа дүниені тануға өте құштар болды. Әсіресе, кітап оқуға деген құмарлығы ерекше еді. Көркем әдебиеттен бөлек, әлем философиясы мен тарихына да терең үңілді. Сондықтан әкемізден бізге жазған еңбектерімен қатар жинаған бай кітапханасы мұра болып қалды. Қазіргі таңда да осы құндылықтардың бәрі үлкен мәнге ие. Расымен, жастарымыздың отаншыл, мемлекетшіл болып қалыптасуы үшін олардың бойына ұлттық рух пен болмысты, парасат пен білімді сіңірудің маңызы зор. Осы жолда ұлтқа қызмет еткен тұлғалардың өмірін дәріптейтін бүгінгідей кездесулердің берері мол деп есептейміз. Бұл – нағыз рухани сабақтастықтың үлгісі. Сол себепті, іс-шараға қатысқан студенттер үшін де бұл жиын мазмұнды, нәтижелі болды деп үміттенеміз, – деген ойын білдірді.

Конференция барысында көрнекті публицистің шығармашылығына арналған «Сыншы мұраты» атты жаңа кітап көпшілікке жол тартты.

Алдағы уақытта бұл туынды әдебиетті, жазуды, оның ішінде сын жанрын серік еткен азаматтар үшін құнды еңбекке айналады деп сенеміз. Осы ретте кітаптағы мақалалардың авторларына, оны құрастырған ағаларымызға алғыс айтамыз. Сондай-ақ іс-шараны ұйымдастыруға белсенді атсалысқан ЕҰУ ұжымына және қатысқан барша азаматқа айрықша алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта да ұлт абыройы жолында бірлесіп еңбек ете берейік, – деді Мәулен Әшімбаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы