Сынға қалған Ұлытау Елтаңбасы жарамсыз деп танылды

Әлеуметтік желіде Ұлытау облысының жақында ғана бекітілген Елтаңбасы қызу талқыға түсіп, азаматтардың сынына ұшырады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әкімдік бүгін жаңадан қабылдаған Елтаңба эскизін жарамсыз деп таныды.

Бұған дейін бекітілген Елтаңба жарамсыз деп танылды , - деп ақпарат берді әкімдік.

Ұлытау облысының әкімдігі Елтаңбасы бекітілгені туралы ақпарат жариялаған болатын. Бұл Елтаңба Facebook қолданушылары арасында сынға қалды.

Әлгі, Ұлытау облысының логосын айтам. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпардан таңдалып алынғаны осы болса, қалғандары қандай екен, ә. Андағы суретті мен сол қолыммен салам ғой. Айтпақшы, ана тау Ұлытау да емес, Қыземшек те емес (қыздың емшегін жақыннан көрген адам ретіндегі пікірім), біздің жайлау жақтағы Жаман адыр секілді, - деп пікір білдірді Ұлытау облысы тұрғыны Айсұлтан Жақыпов.

Сонымен қатар желі қолданушысы Мархат Хамите те асығыс қабылдағанын шешім екенін айтады.

Ұлытау облысының Елтаңбасы болып осы эскиз таңдалып алыныпты, енді ресми бекітілген жөнінде мәлімет қаншалықты рас екенін білмеймін, бірақ меніңше, шешім асығыс қабылданған сияқты. Таудың сипаты да біртүрлі, жазу бір көргеннен түсініксіздеу ма деп қаласың, оған қоса облыс деген сөз жоқ, - дейді ол.

Ұлытау облысының Елтаңбасының үздік эскиздік жобасына байқау бірнеше ай бойы өткен. Өңірдің басты рәмізіне республикамыздың түпкір-түкпірінен 130-ға жуық ұсыныс түсті. 

Барлық эскиз 2022 жылғы 12-18 желтоқсан аралығында арнайы ұйымдастырылған көрме аясында Жезқазған тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылды. Нәтижесінде комиссия мүшелері және көрмеге келген тұрғындар ең үздік 18 эскизді таңдады.

Ұлытау облысының Елтаңбасын таңдауға өңірдің барлық тұрғыны Instagram парақшасында танымал «Это Жез» парақшасында дауыс беру арқылы қатысуға мүмкіндік алды. Онлайн дауыс беру нәтижелері бойынша ең көп дауыс жинаған №15 нұсқа анықталды. Жеңімпаз атанған эскиздік жоба жерлесіміз, Еуразиялық Дизайнерлер одағының мүшесі Шахибаден Сейіткеновтың еңбегінің нәтижесі. Ұлытау облысының Елтаңбасы - таулардың бір түсті контурлық бейнесі. Елтаңбаның төменгі бөлігінде - "ŪLYTAU" деген жазу бар, - делінген әкімдіктің ақпаратында.

Түрлі-түсті бейнеде Ұлытау облысының Елтаңбасы екі түсті: қоңыр және көк. Елтаңбадағы орталық орынды Ұлытау тауларын еске түсіретін сурет алады. Алайда, таулардың бейнесі тек рельефті жаңғырту ғана емес, бұл үлкен көркемдік-эстетикалық образ, бостандықтың символы, болашаққа апаратын жол, рухани өрлеудің символы.

Төменгі жағында орналасқан "ŪLYTAU"  жазуы таңбалы тас петроглифтері  стилінде бейнеленген. Бұл өз кезегінде, біздің өлкеміздің бай тарихын, халықтың бірлігі мен тұтастығының ғасырлар бойғы дәстүрлерін бейнелейді. Ғалымдар таңбалы тасты қазақ халқының алғашқы Конституциясы деп атағаны кездейсоқ емес: мұнда ру  өкілдері тастарға петроглифтер ойып, Мәңгілік бауырластықта болуға ант берген. Осылайша, тұрғындар таңдаған Ұлытау облысының Елтаңбасы өңіріміздің ажырамас өткенін, бүгінін және болашағын байланыстырады, - деп Ұлытау облысы әкімдігі ақпарат таратты.

Мәліметке сәйкес, Елтаңбаның эталонын арнайы комиссия бекіткен, оның құрамына аймақтағы танымал ғалымдар мен суретшілер, тарихшылар мен педагогтар, құрметті ардагерлер мен қоғам қайраткерлері енді. 

2022 жылы Абай облысының логотипі де сынға ұшыраған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы