Сындарлы әрі бағдарлы мақала – профессор

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Мақсат Алпысбес Президенттің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласына қатысты пікірін білдірді.

2021 жылдың 5 қаңтар күні жарыққа шыққан Қазақстан Республикасы Президентінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы халықты да, белсенді азаматтық қоғамды да, ел мен ұлт болашағы жайында ерекше толғандырып жүрген ойларды қозғап, өзекті мәселелер жайында ұстанымдарды жеткізді. Солардың қатарында өте көкейкесті жер, тіл, тарих, мемлекет, ұлттық мүдде сияқта әрбір ойлы азаматты алаңдатып жүрген, болашақ ұрпақ алдындағы парызы болғандықтан мазалап жүрген, тақырыптар жайында баяндады. 

Биыл Қазақ елінің ұлттық Тәуелсіздікті жарияланғанына отыз жыл толу қарсаңында қай бағытта жетістіктерге жетіп, қандай мәселеде ұтылғанымыз туралы ойландырады. Қазақ халқының осыдан отыз жыл бұрын, сонау 1991 жылы алға қойған ізгі арман-мұраттары орындалды ма деген сұрақ өте мәнді. Осы тұрғыда өткен тарихи үш онжылдық жетістіктерімен қатар алдағы келе жатқан төртінші онжылдықта шешімін күтіп тұрған күттірмейтін міндеттер де алға қойылды. Қазақстан қоғамының қазіргі сан-сапасы өте өзгерді. Қазір жаңа буын ғана емес, жаңа толқын келді, оның талаптары мен сұраныстары да басқа, мақсат-міндеттері де әлде-қайда айқын, ұмтылыстары да ерекше, - деп жазды ол.

Президенттің мақаласында айтылуы тиіс өткір мәселелер көтеріліп, атқаруды қажет ететін нақты міндеттер қойылды. 


Мақалада айтылған «ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі» деген ұстаным өте дұрыс, заман талабына лайық өзекті тезис болып табылады.

Сол себепті, Президенттің мақаласында қойылған маңызды міндеттердің қатарында: тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет, кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсетіп, тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеп, азаттық жолында құрбан болған Алаш қайраткерлерін, олардың мұрасын жастарға тағылым үшін және бүкіл әлемге паш ету үшін, Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында еске алып, Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруі тиіс, ал бұл тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың еңбектерін қолдап, бағалау қажет деген мәселелер айтылды.

Мемлекет дегеніміз ол халық, және оның мүддесін қорғап, талабын атқарып отырған саяси билік болуы тиіс екені белгілі. Осы тұрғыда Президент «билік халықтың алдындағы өз жауапкершілігін сезінгені жөн», «халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз» деген тезисі өте дұрыс, - деді профессор.

Бұл мақалада Президент мемлекетке төнетін қауіп-қатерлердің алдын алып, ұлттық мүддені қорғауда табандылық таныту, елдікті сақтаудың кепілі екендігіне баса назар аударды. 

Тіпті, «ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді» деп өте дұрыс ескертті. Қазақстанның ел болып, КСРО ыдырағаннан кейінгі мезгілде дербес мемлекетке тән белгілері айшықталып, дипломатиялық қатынастарды дамыту, еліміздің шекараларын бекіту, билік жүйесін қайта қалыптастыру сияқты шаралар атқарылды. Ендігі кезекте мемлекетіміздің баянды болуы үшін әлі де атқарылуы қажет шаралары туралы айтып, қазақ халқының жер, тіл, тарих мәселелеріне тоқталды. Жер – шетелдіктерге сатылмайды деген тезисі халықтың көптен күткен, ерекше назар қойып, бақылауда ұстайтын аса маңызды тақырыбы.

Мақалада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз. Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ» деген тезис айтты, - деді ол.

Мақаладағы «Бағдар мен белес», «Таным мен тағлым», «Қоғам мен құндылық», «Ұлағат пен ұстаным» бөлімдері биліктің ресми ұстанымын халыққа кең, ұғынықты, қарапайым тілмен жеткізетін үлгіде, мемлекеттің тәуелсіздік жылдары өткен жолы, қазіргі ахуалы, алға қойған бағдарлары, елдің дамуына қажет маңызды алғышарттар мен жобаларды таныстырды. 

Атқарылған іс пен қабылданған саяси шешімдердің қол жеткізген нәтижелерін көрсетіп берді. Мемлекеттің өзегі тарих екені баршаға мәлім. Сондықтан, Президент Қ.К.Тоқаев «халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр» деп, қоғам мен мемлекеттің дамуындағы тарих тәліміне, тарихи сана мен жадының қызметіне, шежіре сияқты құндылыққа ерекше назар аударуы да өте орынды.

Сонымен қатар, бұл мақалада айтылған - бөтен идеологияның жетегімен жүрмей әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс, тарихпен саясаткерлер емес тарихшылар айналысуы керек, ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік беруі керек, тарихшылардың ғана емес, барша жұрттың, әсіресе, жас ұрпақтың тарихи санасы айқын әрі берік болуға тиіс, қазақтың сан ғасырлық шынайы тарихын әлемге танытудың жолы ретінде шетелдіктерге арналған Қазақстанның қысқаша тарихын жазып шығарып, әлемнің негізгі тілдеріне аудару қажет деген Президенттің нақты ұсыныстары мен ұстанымдары парасатты әрі прагматикалық көзқарас болып табылады, - деді Мақсат Алпысбес.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы