Сыбайлас жемқорлықпен күреске жастардың қатысуы артып келеді
Сыбайлас жемқорлықпен күреске жастардың қатысуы Қазақстанның болашағының жарқын болуына қызмет ететін адал азаматтарды тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру қалай жүріп жатқанын BAQ.KZ тілшісі материалынан оқи аласыз.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім: мектептен жоғары оқу орнына дейін
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құндылықтар тұлғаның қалыптасу кезеңдерінің барлық сатысында жас ерекшелігіне сай қамтылған. 2024 жылы Агенттік еліміздің түрлі аймақтарында 900 мыңнан астам азаматты қамтыған 7,5 мыңға жуық түрлі форматтағы іс-шара ұйымдастырды.
Жастармен жұмыстың маңызды бағыты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру. Бұл бағытта мектеп бағдарламаларына әділеттілік, адалдық және ашықтық сияқты адамгершілік құндылықтарын дарытуға арналған арнайы мазмұн енгізілді. Атап айтқанда, “Барлығы мен туралы”, “Жақсы деген не, жаман деген не?”, “Құндылықтар”, “Мен және қоғам”, “Құқықтар мен міндеттемелер” атты өтпелі тақырыптар арқылы оқушыларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетаным ерте жастан қалыптастырылады.
Жоғары білім беру деңгейінде студенттер үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы курстар таңдау пәні ретінде енгізілді. Бұл оқытудан 120 мың колледж студенті және 170 мың жоғары оқу орнының студенті өтті.
Білім саласындағы ашықтықты нығайту мақсатында 18 жоғары оқу орны Академиялық адалдық лигасына бірікті. Лига жұмысы академиялық адалдықтың 10 қағидаты мен сәйкестікті бағалаудың 105 критерийіне негізделген. Бұл тәсіл оқу орындарына тәуекелдерді анықтап, олардың алдын алуға мүмкіндік береді.
2024 жылдың 9 желтоқсанында өткен Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күніне орай Агенттік ұйымдастырған республикалық форум – парасаттылықты ілгерілетудегі маңызды қадам болды. Іс-шараға еліміздің білім және ғылым саласынан 200-ге жуық жетекші маман қатысты. Форум қорытындысы бойынша Агенттік, Академиялық адалдық лигасы, Оқу-ағарту министрлігі және Ғылым және жоғары білім министрлігі арасында академиялық адалдықты қамтамасыз ету жөніндегі меморандум жасалды.
Бұл құжат білім беру ұйымдарында әдеп қағидаттарын ілгерілетуде тараптардың тығыз өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін маңызды негіз болып отыр. Академиялық адалдық стандарттарын сақтау – оқу нәтижелері мен түлектердің біліктілігіне деген сенімді нығайтып, білім процесінде әділдік пен ашықтықты арттыруға жол ашады.
Агенттік бұл тәжірибені орта және орта-арнайы білім беру саласына да енгізуді жоспарлап отыр. Бұл жастардың кең аудиториясын қамтып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты ерте жастан қалыптастыруға сеп болады.
Халықаралық жеңістер мен қоғамдық бақылау
Қазақстан жастарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалары халықаралық деңгейде де мойындалып отыр. ТМД елдерінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекетаралық кеңесі жыл сайын өткізетін “Сыбайлас жемқорлыққа бірге!” атты халықаралық жастар байқауының 2024 жылғы қорытындысы бойынша, Қазақстаннан қатысқан жастар 7 жүлделі орынға ие болды.
Байқауға 10–25 жас аралығындағы жастар үш номинация – “Үздік плакат”, “Үздік сурет”, “Үздік бейнеролик” бойынша қатысты. Барлығы 1 593 өтініш келіп түскен, соның ішінде 271 бейнеролик, 362 плакат және 960 сурет ұсынылған.
Сонымен қатар, “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік” жобасы аясында 2,5 мыңға жуық азамат белсенділік танытты. Олар мемлекеттік сатып алуларды қоғамдық мониторингтеуге атсалысып, нәтижесінде 15 миллиард теңгеге жуық қаражаттың тиімсіз жұмсалуына жол берілмеді.
Жастардың бұл белсенділігі – қоғамда парасаттылық пен азаматтық жауапкершілікті нығайтудың нақты мысалы. Сыбайлас жемқорлықпен күреске тек мемлекеттік органдар емес, әрбір азамат, әсіресе жастар үлес қосқанда ғана тиімділік артады.