Былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке 26 мыңнан астам өтініш түскен

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және парасаттылық мәдениетін қалыптастыру бойынша 193 мың адамды қамтыған 581 тікелей эфир ұйымдастырылды.

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Серіктестік департаментінің директоры Расул Медетов брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы контенттің үздіксіз таратылуы онлайн режимде қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ, ол республикалық ақпараттық-ағарту штабының ұйымдастыруымен осы жылдың 9 сәуірі мен 1 мамыры аралығында елімізде алғаш рет онлайн "ANTIKOR айтыс" ұйымдастырылғанын айтты.

Бұл айтысқа республиканың әр аймағынан 16 суырып салма ақын қатысты. Олардың арасында халықаралық және республикалық айтыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Көрермендер байқауды штабтың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан тамашалады. Байқаудың нәтижесі 1 мамырда онлайн дауыс беру және әділқазылар алқасының пайыздық үлестері арқылы шығарылды, - деді ол.

Сондай-ақ, Медетов төтенше жағдай жарияланғаннан бері агенттіктің "Adal kómek" жобасы аясында 250-ге жуық тікелей эфир өткізгенін, ол 500 мыңнан астам адамды қамтығанын жеткізді. 

Аталған жобаның кураторы, танымал заңгер, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшесі, адам құқықтары жөніндегі сарапшы Айман Омарова жоспарға сәйкес апта сайын аймақтардың тұрғындары үшін жеке заңды кеңестер беріп келеді екен.

Төтенше жағдай кезінде Агенттіктің арнайы мониторинг тобы блок-бекеттердің карантин талаптарын сақтауына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырды. Бұл жұмыс азаматтардың өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған жүк тасымалы саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және әкімшілік кедергілерді жою мақсатында жүзеге асырылды. Бұл жұмыстардың барлығы әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланды, - деді ол.

Сонымен бірге, қоғамдық белсенділер эпидемияға қарсы іс-шараларды қолдауға бөлінген қаржының жұмсалуына, сондай-ақ коронавируспен күресуге қажетті дәрі-дәрмектер мен жабдықтарды сатып алуға қоғамдық бақылау жүргізген.

Мәселен, Батыс Қазақстан облысындағы Агенттіктің арнайы мониторинг тобы мүшелері мен жергілікті кәсіпкерлердің араласуынан кейін медицина қызметкерлерінің облыс орталығының қонақ үйлерінде тұру мәселесі оң шешімін тапты. Қоғамдық пікірдің көшбасшылары ретінде АМТ мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету бойынша көптеген қайырымдылық жұмысын жүргізуде. Бүгінгі таңда 10 мыңнан астам отбасы төтенше жағдай кезінде азық-түлікпен қамтамасыз етілді, - дейді Медетов.

Сонымен қатар, ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жұмысының нәтижесінде келіп түсетін өтініштер саны жыл сайын артып келе жатқанын айтты. 2016 жылы - 18 608 өтініш, 2017 жылы – 20 352, 2018 жылы – 22 097, 2019 жылы – 26 866 өтініш түскен.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы