Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргізілуде – Шпекбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы "Парасаттылықты ілгерілетудің тиімді тетіктері" халықаралық конференциясында ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев айтты.

Кез келген мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының табысты болуы азаматтық қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға тартылуына және мемлекеттік органдардың азаматтармен бірлесе жұмыс істеуіне байланысты. Бұл өз кезегінде экономикалық өсуге, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және адами капиталды дамытуға әсер етеді, - деді Алик Шпекбаев. 
Осыған қоса ол мемлекеттік аппаратта, корпоративтік секторда және жалпы қоғамда integrity (парасаттылық) мәдениетінің артқанын айтып, сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендегенін жеткізді. 
Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалар майданында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Оған дәлел, Ұлттық бюро биылдан бастап ерекше кешенді құзыретке ие сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі болып қайта құрылды. ЭЫДҰ ұсыныстары аясында Агенттіктің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру және үйлестіру саласындағы құзыреті заңнамалық түрде бекітілді, - деді Агенттік төрағасы.
Оның сөзінше елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тетіктерін жетілдіруге бағытталып, парасаттылық мәдениетін күшейтуге ықпал ететін халықаралық ынтымақтастыққа және тәжірибе алмасуға ерекше назар аударылып отыр. 
Ұлттық ерекшеліктер мен әлемдегі озық тәжірибені ескере отырып, біз Агенттіктің өзінде және қабылданатын жүйелі іс-қимыл шараларында парасаттылық қағидаттарын дамытудың өзіндік моделін құрдық. Азаматтардың сенімі мен пікірі – кез келген мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін және жұмысының парасаттылық қағидаттарынына қаншалықты сәйкес екенін анықтаудағы негізгі талап. Transparency Kazakhstan сарапшылары БҰҰ-ның қаржылық қолдауымен елімізде сыбайлас жемқорлық жағдайына мониторинг жүргізді. Нәтижесінде қатысушылардың жартысынан көбі соңғы жылдары сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендегенін атап өтті. Ал сауалнамаға қатысқан 76-дан астам кәсіпкер Қазақстанда бизнесті тек заң аясында дамытуға болады деп есептейді, - деді Алик Шпекбаев.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы