Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жастармен жұмысты арттыруда – Олжас Бектенов

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде агенттіктің "Саналы ұрпақ" жобасы аясында миллионға жуық оқушы мен студентке парасаттылық қағидаттарын насихаттауда.

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі басшысының бірінші орынбасары Олжас Бектенов Алматыда өтіп жатқан Жастар форумында айтты.

Оның айтуынша, бүгінде агенттіктің "Саналы ұрпақ" жобасы аясында миллионға жуық оқушылар мен студенттерге парасаттылық қағидаттары насихатталып жатыр. 

Еліміздегі екі жарым мыңға жуық жоғары оқу орнында парасаттылық мектептері ұйымдастырылды. Өскелең ұрпақ түрлі форматтағы шаралар арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы берік ұстанымдарын білдіруде. Тек биылдың өзінде 40 мыңнан аса шара өткізілді. Жастар қоғамдағы маңызды бастамалардың жаршысы ретінде алдағы Волонтерлер жылына да белсене қатысады деп сенеміз, - деді ол. 

Сөз арасында ол Жастар жылы аясында Сорбона Қазақстан институтында "Ізгілік елшісі" жобасы іске қосылғанын айтты. 

Аталған жоба аясында студенттер қайырымдылық акциясын өткізіп жатыр. Биыл жазда президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы базасында да алғаш рет парасаттылық мектептерін ұйымдастырдық. Жемқорлыққа қарсы қозғалыстың жаңа формациядағы жас өкілдерінің клубы құрылды. Студенттер арасынан жасақталған 500-ден астам "Ізгілік елшісі" волонтерлері негізінде қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен әдепті дамытуға арналған дәрістер оқитын тренингтер өткізілді, - деді Олжас Бектенов. 

Сондай-ақ, ол қоғамдық  дертке айналған сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекет саясатының басым бағыты екенін айта келе, бұл бағытта айтарлықтай жетістікке қол жеткізгендерін жеткізді. 


Дүниежүзілік банк мемлекеттік басқару индикаторы аясында әлемнің 214 мемлекетінің жемқорлық деңгейін жете зерттейді. Биыл Қазақстан ТМД ішінде оқ бойы озып шығып, өз көрсеткішін екі есеге жақсартты. Бұл жұмыста ауыз толтырып айтар жақсы көрсеткіштер бар. Әйтсе де жемқорлықты түп тамырымен бірден жойып жіберу мүмкін емес. Сондықтан жұмыла жұмыс істеп, жемқорлықпен күресу бәрімізге ортақ міндет екенін біз түсініуіміз керек, - деді ол. 

Бұған дейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде "Мен жастарға сенемін!" республикалық жастар форумы өтіп жатқанын хабарлағанбыз. Ауқымды шараны Білім және ғылым министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, "Жандану әлемі" қоры, "Жас Отан" жастар қанаты, Қазақстан Жазушылар Одағы, "Қазақ радиосының" қолдауымен ҚазҰУ және Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырып отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы