Сыбайлас жемқорлық. Бір жылда 100-ге жуық қаржыгер сотталып, 400-ге жуық іс қозғалды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қаржы Министрлігі жүйесінде жасалған сыбайлас жемқорлық қылмыстарының статистикасы туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-ші департаментінің аға тергеушісі Данияр Биғайдаров баяндады.
Қаржы министрлігіне мемлекеттік сатып алу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша өкілеттік берілген. Бұл сыбайлас жемқорлық ең көп кездесетін салалардың бірі. Жыл басынан бері Агенттік сыбайлас жемқорлық бойынша 383 қылмыстық іс қарастырды, оның 202-і сотқа жіберілді және 92 адам сотталды. Осы қылмыстардан мемлекетке 2,5 млрд теңге (2 437 011 мың теңге) шығын келді, қазіргі уақытта оның 2 млрд-тан астамы қайтарылды, -деді Данияр Биғайдаров.
Оның айтуынша, бұл саладағы құқық бұзушылықтардың көбі тендерлерді бөлуге, шарттарды заңсыз жасауға, орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қоюмен байланысты.
Тергеушінің мәліметі бойынша, сыбайлас жемқорлық қылмыстарының басым бөлігі кеден органдарына да тиесілі (өндірістегі іс – 169, сотқа жіберілген іс – 100, сотталған адам саны – 36). Бұл жерде жемқорлық бақылау-өткізу бекеттерінде жүйелі түрдегі алым-салым ретінде және кедергісіз жүріп өту үшін берілетін пара түрінде кездеседі.
Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.Мысалы, қазір Шығыс Қазақстан облысында ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Оның құрамына "Майқапшағай" кеден бекетінің бас маманы Қабышев, брокерлер Жантемирова мен Айдарқанов болған. Аталған тұлғалар Қытайдан Қазақстанға әкелінетін халық тұтынатын тауарлар мен жүктерді жедел және кедергісіз ресімдегені үшін сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардан жүйелі түрде пара алып отырған. Сонымен қатар, осы қылмыстық істі тергеу аясында жеке кәсіпкерден "қамқорлық үшін" пара алған облыстың МКД Экономикалық тергеу қызметінің офицері Зияданов ұсталды. ШҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Қабышева 8 жылға, Жантемірова 6 жылға және Айдарқанов 3 жылға бас бостандығынан айрылып, Зиядановке 6,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, - деді Данияр Биғайдаров.