Сыбайлас жемқорлықпен күреске бір сөзбен баға беруге болмайды – Ертаев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Facebook-тегі ресми парақшасында өткен онлайн кездесу барысында айтты.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес оңай жұмыс емес. Бірақ, бұл жұмыстың абыройы өзгеше, себебі ел сенеді. Бұл бағыттағы жұмысқа бір сөзбен баға беруге болмайды. Көптеген заңсыздыққа қақпан қойылды. Жаза әділетті берілуі керек. Адам болып туғаннан кейін еліне, жеріне жақсылық істеуі парыз, - деді ол.
Бақытжан Ертаев онлайн кездесу барысында жемқор және сатқын сөздеріне анықтама беріп өтті.
Мен үшін жемқор да, сатқын да бір деңгейде. Ол өзінің арын, антын, конституциялық құқығын сатып кетті. Осы орайда туған елінде жиған-тергенін шет ел асыратындарға қатысты айтарым, олардың бізге ақыл айтуына қандай құқығы бар? Керек кезінде елінің бар жаһұтын тонап кеткеннен кейін елге не деп қайтады? Мұндайлар жауыздан да жаман. Ол өзін ғана емес, халқын да сатып кеткендер. Менің ұсынарым – тексеріс жүргізіп, шетелдегі қаражатты елге қайтару керек, - деді ол.
Депутат идеологиялық дайындық барысында жас сарбаздарға парасаттылық, әділдік ұғымын насихаттау мәселесіне қатысты ойымен бөлісті.
Идеологиясыз болмайды, ол керек. Бірақ, қазір бұл бағыттағы жұмыстар әлсіз. Идеолог болу үшін патриот болу керек. Оларды арнайы дайындау қажет. Сауатты идеолог әр сарбаздың жүрегіне жол таба білуі үшін оның қалай ер жеткенін, қандай ортада өмір сүргенін біліп, жаңа ортаға бейімделуіне қол ұшын беруі қажет. Әр сарбаз қорғаны барын сезінуі керек, - деді ол.