Швейцариялық ұшақ Балқаш үстінде дабыл қағып, Алматыға шұғыл қонды
Сеулден Цюрихке бағыт алған SWISS әуе компаниясының ұшағы Қазақстан үстінде апат сигналын беріп, бағытын күрт өзгертті.
Швейцарияның SWISS әуе компаниясына тиесілі ұшақ Қазақстан аумағында апат дабылын беріп, Алматыға шұғыл қонды.
Оқиға 6 мамыр күні болған. Сеулден Цюрихке бағыт алған Airbus A350-941 жолаушылар ұшағы Балқаш маңында дабыл белгісін жіберген.
Қазақстанның Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, әуе кемесі Алматы әуежайына сәтті қонған.
Ұшақ аман-есен қонды, – деп хабарлады ведомство.
Апат сигналы берілгеннен кейін ұшақ бағытын өзгертіп, Алматыға бет алған.
Flightradar24 сервисінің дерегіне сәйкес, экипаж Squawk 7700 авариялық кодын жіберген. Бұл код әдетте төтенше немесе штаттан тыс жағдайларда қолданылады.
Сондай-ақ сигнал шамамен 36 мың фут биіктікте берілгені айтылды. HB-IFB тіркеу нөмірі бар ұшақ оқиғаға дейін шамамен алты сағат бұрын Инчхон әуежайынан ұшып шыққан.
Дабылдан кейін экипажға қону үшін басымдық берілген. Қонуы мүмкін әуежайлар ретінде Алматы мен Астана қарастырылған.
Қазіргі уақытта апат сигналының берілу себебі белгісіз.
Әуе компаниясы мен авиациялық қызметтер әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.