SWAT Challenge: "Сардар А" жасағы әлемдік жарыста топ жарды
Дубайда арнаулы мақсаттағы жасақтар арасында "SWAT Challenge" бәсекесінің үшінші кезеңі өтіп жатыр. Әлемнің түкпір-түкпірінен ең тәжірибелі және кәсіби арнайы жасақ командаларын жинайтын бұл жарыстың екінші кезеңінде "Сардар А" жеңімпаз атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әуелі "SWAT Challenge" турниріне тоқталайық. UAE SWAT CHALLENGE – бұл Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетін арнайы жасақтардың халықаралық жарысы. Бұл жарыс арнайы жасақтар мен полиция бөлімшелері арасында физикалық және тактикалық дайындықты тексеретін күрделі сынақтарды қамтиды. Сайысқа 46 елден 105 команда, оның ішінде Қазақстан атынан 12 команда катысып жатыр. ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің "Сардар А" командасы бірінші орыннан көрінді.
"Сардар А" командасы жарыс барысында асқан дәлдік пен шеберліктерін көрсете білді. Мерген төрт қабатты ғимаратқа 15 секундта көтеріліп, нысананы дәл көздеп, командаластарының басқа тапсырманы жылдам орындалуына мүмкіндік жасады.
Жарыстың негізгі шарты бойынша тек ату қабілеті ғана емес, жылдамдық та ерекше рөл атқарады. Әрбір тапсырма мұқият әрі дұрыс орындалуы тиіс. Қателесуге болмайды.Әрбір секунд маңызды. "Сардар" командасы осы сынақта ешқандай кемшілікке жол бермей, белгіленген аралықты 53,39 секундта бағындырды.
Сайыс биыл алтыншы рет өткізіліп отыр. ҚР МКҚ командасы биыл екінші рет қатысып отыр. Өткен жылы "САРДАР" командасы сайысқа тұңғыш рет қатысқанына қарамастан, биік кәсіби әзірлігін көрсетіп, бес күндік сайыстың жалпы қорытындысы бойынша қола жүлдені жеңіп алған. Олар өткен сайыста тек турнир қожайыны Дубай полициясының екі командасына есе жіберген еді,-деді МКҚ бізге берген мәліметте.
Жарыс барысында барлық қатысушылардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Арнайы техникалар мен құралдар қолданылады.
МКҚ-і өкілінің айтуынша, біздің жігіттер тыңғылықты дайындықтардан өткен. Командадағы әр қатысушының өзіне жүктелген тапсырмалары бар.
Команданың тактикасы мен стратегиясы әрбір тапсырманың сипатына қарай орайластырылады. Команданың әрбір мүшесінің өз міндеттері мен жауапкершілік ауқымы бар. Дегенмен команданың барлық мүшесі бір-бірімен үйлесімді, тізе қоса әрекет етеді. Арнайы мақсаттағы жасақ жауынгері болу үшін психологиялық, физиологиялық тұрғыдан шыдамды, күш-қуаты мол, ерік-жігерлі, мақсатына жету жолында табандылық танытатын, үнемі өзін жетілдіруге ұмтылатын қызметкерлер іріктеліп алынады. Ең алдымен, әрине, олар Отанға адал қызмет етуге, қысылтаяң шақта жедел шешім қабылдауға және шұғыл әрекет етуге әзір болуы тиіс. Сайыс кезеңдеріне команда мүшелері негізінен бір құрамда қатысады, белгілі бір кезеңге қатысатын құрам сол кезең талаптарына сәйкес белгіленеді,-деді МКҚ.
Аталған бәсеке тек жарыс қана емес, халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу алаңы.