Суық қораға қамап қойған: Талдықорғанда баласына жәбір көрсеткен әйел ана құқығынан айырылды

Өз анасы тәрбиелеймін деп суық қораға қамап қойған баланың көпшілікті шулатқан оқиғасы жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге сілтеме жасап.

Жетісу ауданының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған сотының отырысы өтіп, нәтижесінде әйел 2014 жылы туған ұлына қатысты ата-ана құқығынан айырылды.

Сондай-ақ Талдықорған қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен абайсызда баласының денсаулығына жеңіл зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылып, оған ескерту берілді.

Белгілі болғандай, сот отбасының әкесін де ата-ана құқығынан айыру туралы шешім қабылдаған.

Қазіргі уақытта бала қорғаншылық органдарына берілді.

Естеріңізге сала кетейік, Уәкілдің Жетісу өңірі бойынша өкілі кәмелетке толмаған баланың құқықтарының бұзылғаны туралы шағым түсіргеннен кейін комиссия құрып, ана мен екі баланың антисанитарлық жағдайда және толық бейберекетсіздікте өмір сүріп жатқанын анықтаған болатын. Бұл ретте әйел алкогольдік ішімдіктерді пайдаланғанын және балаларды қорлағанын мойындады.

Қамқоршылық және қорғаншылық органдары Жетісу облысы бойынша АҚУ өкілінің бастамасымен Жетісу облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына тиісті талап арызын жолдады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ -архив
Өзгелердің жаңалығы