Суық қаруды жарнамалаған интернет-дүкен жауапқа тартылды
Бас көлік прокуратурасы интернет-кеңістіктегі суық қарудың заңсыз айналымының жолын кесу бойынша шаралар қабылдауда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ведомство 2025 жылы 29 желтоқсанда жүргізілген талдау жекелеген онлайн-платформалар тыйым салынған заттарды, онда да бүркемеленген немесе "тұрмыстық" тауарлар кейпінде сатуға әлі де жол беріп отырғанын хабарлады.
Мұндай тәжірибе азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді және маркетплейс иелері тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігін айғақтайды. Суық қарудың кәмелетке толмағандар үшін қолжетімділігі ерекше алаңдаушылық тудырады. Сүзгіден өткізу мен бұғаттаудың тиімді тетіктерінің жоқтығы жасөспірімдердің заңсыз әрекеттерге тартылуына және кейіннен олардың қылмыстық жауапкершілікке тартылуына жағдай жасайды. Бұған дейін мемлекеттік органдар мен маркетплейс әкімшіліктері арасында тыйым салынған өнімдерді орналастыруға және сатуға жол бермеу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілген. Соған қарамастан, кейбір платформалар өздеріне алған міндеттемелерді елемей келеді, бұл – жол берілмейтін жайт, – деп мәлімдеді ҚР Бас көлік прокуратурасы.
Мәселен, уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитеті "Satu.kz" интернет-дүкенін суық қаруды жарнамалағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 455-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Бас көлік прокуратурасы аңшылық кәсіпшілікпен байланысты жағдайларды қоспағанда, суық қаруды заңсыз алып жүру немесе өткізу, сол сияқты тиісті рұқсаты жоқ адамдарға қару мен оқ-дәрілерді сату Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғатынын ескертеді.