"Сүйікті Алматымызды таза ұстайық". Асанәлі Әшімов әріптестеріне үндеу жолдады

Әншілер мен актерлер сенбілікке қатысып, тыңдармандарын қоршаған ортаны таза ұстауға, экологиялық мәдениетті дамытуға атсалысып, насихаттауға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанның белгілі артистері Жұбаныш Жексен, Мақсат Базарбаев, Айжан Нұрмағамбетова, Абай Бегей, Қарагөз Сүлейменова, Алма Аманжолова, Марал Анарбек, Нұрмұхаммед Жақып, Ақбота-Нұр Сейтмағамбет, Индира Елемес, Ермек Меденов, Диана Исмаил, Нұрсұлтан Нұрбердиев, ALPHA тобы, Еркебұлан Дайыров, Жандос Айбасов және басқа да әншілер мен актерлер сенбілікке қатысып, тыңдармандарын қоршаған ортаны таза ұстауға, экологиялық мәдениетті дамытуға атсалысып, насихаттауға шақырды.

Артистер «Таза Қазақстан» және «Алматы – біздің ортақ үйіміз» сияқты ауқымды әлеуметтік жобалардың идеологиялық құндылықтары әрқайсымыздың күнделікті өміріміздің бір бөлігі болуға тиіс екеніне сенімді. Олар осы науқандарды өткізу аясындағы экологиялық және шығармашылық жобалар қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікті одан әрі оятуға, мүдделес жандарды біріктіруге және қаланың инфрақұрылымына жанашырлықпен қарау әдептерін қалыптастыруға көмектеседі дейді.

Су тасқыны салдарын жоюға байланысты соңғы оқиғалар әр адамға ой салғаны анық. Ең алдымен, біз барымызды бағалауға тиіспіз. Табиғи апат тек аумақтық тұрғыда бізді айналып өтті, десек те бұл оқиғалар көптеген адамның өміріне қатты әсер етті. Біз шынымен де тазалықты сақтап, баршаны табиғатты аялауға шақыруымыз керек. Шын мәнінде, көрінген жерде қоқыс тастамау, инфрақұрылымға зиян келтірмеу сынды қарапайым ережелерді қатаң сақтауымыз қажет, — деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі артист Жұбаныш Жексен.

Өнер адамдары Абай және Алатау даңғылдарының қиылысында 300 алма және 200 қарағай отырғызуға қатысты, сондай-ақ орталық мәдениет және демалыс саябағы маңында арық желісін тазалауға, қоқыс жәшіктері мен қоршауларды бояуға қатысты, «Сарыарқа» скверінің аумағында арық желісін тазалап, 50 көшет отырғызды. Сондай-ақ, эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Сейфуллин» скверінің аумағында 100 көшет отырғызылды.

Алматы – 1000 жылдық тарихы бар әдемі қала. Мен мұнда 17 жасымнан бері тұрамын, өзімді жергілікті алматылық сезінемін. Кез келген басқа қалада менің қысымым көтеріледі, ал үйге қайтқарда бірден қалыпқа келеді. Сүйікті Алматымызды таза ұстайық, ол Қазақстанның бетке ұстар қаласы болып қалуы қажет. Барлық әріптесімді және жас талант иелерін белсенді болуға шақырамын, - деді Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов.

Айта кетейік, «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанын іске асыру аясында акциялар жалғасып жатыр. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: instagram.com/assanali.ashimov
Өзгелердің жаңалығы