Мамандар сүйек сынғыштығына қарсы тұратын азық-түлік түрлерін атады
Алматы, BAQ.KZ. 3 млн отандасымыз сүйек тіні әлсіреуінен зардап шегеді. Остеопороз індетінің өсімі 2012 жылдан бері 8 есе өсті.
Алматыда Бүкіләлемдік остеопорозбен күресу күніне орай баспасөз-конференция өтті.
Тағамтану мен денсаулық сақтау саласының сарапшылары остеопороз дертінің таралуы көрсеткіштерімен бөлісіп, қазақстандықтардың қазіргі уақытта тамақтануына қатысты пайда болған әдеттер салдарынан туатын денсаулық мәселелерін талқылады.
Остеопороз – сүйек қаңқасының әлсіреуі салдарынан сүйек сынғыштығына әкелетін созылмалы жүйелі ауру. Халықаралық остеопороз қорының мәліметі бойынша әр 3 секунд сайын әлемде остеопороз салдарынан сүйек сынады. Ал 50 жастан кейін әрбір екінші әйел және әрбір бесінші ер адам зардап шегіп, өмірінің соңына дейін сүйек сынғыштығы диагнозымен өмір сүреді. Ең қауіптісі бұл дерт жамбас мойнының сынуына әкеледі және адам қазаға ұшырауы мүмкін. Жамбас мойны сынуының салдарынан болатын өлімнің жалпы әлемдік көрсеткіші (20%) бірқатар елде өсіп келеді.
Жиын барысында ҚР дәрігерлер қауымдастығының төрайымы Гүлжан Ғабдуллина созылмалы дерттің Қазақстандағы көрсеткіштерімен бөлісті.
"3 млн отандасымыз сүйек тіні әлсіреуінен зардап шегеді. Остеопороз індетінің өсімі 2012 жылдан бері 8 есе өсті. Бұл өсім адамдардың қазіргі заманда тамақтану рационының өзгеруіне байланысты. Кальцийдің тәуліктік қажеттілігі әртүрлі жаста 400 бен 1300 грамм арасында болғанымен, қазақстандықтар арасында құрамында кальций бар, әсіресе сүтті және ашымал сүт өнімдерін пайдаланбау кеңінен таралған. Балалар арасындағы тәуліктік тұтыну үлесі 25-30%-ды құрайды", - деді ол.
Ғалымдар бала кезден басталатын теңдестірілген тамақтану рационының болмауы остеопороз дамуының басты себебі деп атайды. Сарапшылар остеопороздың алдын алу мақсатында балалар мен үлкендерге арналған дұрыс тамақтану бойынша өз кеңестерімен бөлісті.
"Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау ұйымының ақпараты бойынша әлемдегі өлімнің 60%-ы және дерттердің 80%-ы дұрыс тамақтанбауға байланысты. Кальцийдің алмасуы мен сіңуі ағзаның ақуыз бен А дәруменімен қамтамасыз етілуіне байланысты. Өкінішке қарай, біз ҚР тұрғындарының тамақтану әдебінің бұзылуын байқап келеміз. Салдарынан денсаулық нашарлайды. Әрбір адамның рационында макро және микроэлементтерге, лакто және бифидобактерияларға толы сүт пен "тірі ашымал сүт" өнімдері болуы тиіс. Сол үшін де біз кальцийдің тәуліктік қажеттілігін толтыру үшін үлкен адамдарға күнделікті 600-800 грамм сүт өнімін тұтынуға кеңес береміз", - деді Қазақ тағамтану академиясы мен Ұлттық салауатты тағамтану орталығының президенті Төрегелді Шарманов.
Сондай-ақ, жиын барысында балалар арасындағы остеопороздың алдын алу шаралары да айтылды.
"Остеопороз мәселелесі үлкен қорқынышты туғызады. Қазақстан жасөспірімдерінің 50%-ында сүйек әлсіреуі байқалады. Бұл мәселенің шешілуінің бірден бір жолы дұрыс тамақтану әдеттерінің бала кезден қалыптасуы. Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларындағы білім басқармасының қолдауымен қазан айының басынан Healthy Generation (Дені сау ұрпақ) жобасы жүзеге асырылып келеді. Ай соңына дейін 20 000-нан астам бастауыш мектебінің оқушылары дұрыс және теңдестірілген тамақтану жайында интерактивті дәрістерін өтеді", - деді Healthy Generation жобасының ынтагері, Қазақстан, Орталық Азия және Кавказ елдеріндегі Danone компаниясының корпоративтік байланыс жөніндегі директоры Дінмұхамед Айсаутов.