"Сүт, ұн, астық": Қырғызстанда қазақстандық тауарларға сұраныс жоғары
Қазақстан мен Қырғызстан басшылары 2030 жылға дейін тауар айналымын 3 миллиард АҚШ долларына дейін жеткізу туралы міндет қойған. Екі ел арасындағы тауар айналымы жыл сайын артып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2024 жылдың қорытындысы бойынша өсім 1,4%-ды құраған. Биылғы жылдың басынан бері тауар айналымы қарқынды өсіп, 28%-ға артқан. Айта кетерлігі, бізде экспорт көлемі, әсіресе бейшикізаттық экспорт өсімі байқалады.
Жыл басынан бері бейшикізаттық экспорт шамамен 39%-ға көбейді. Импорт 1,7%-ға өсті. Бізде дәстүрлі экспорттық тауарлар ұн, астық, сусындар бар. Осы жылы өңделген өнім, сүт өнімдері, қант қосылған газдалған сусындар, және агроөнеркәсіптік кешеннің басқа да өнімдері айтарлықтай артты. Бұл тауарлар Қырғызстанның ішкі нарығында жоғары сұранысқа ие. Тауар айналымын ұлғайту бойынша бізде 3 миллиард долларлық межеге жету міндеті тұр, - деді Сауда және интеграция вице-министрі Айжан Бижанова.
Оның айтуынша, осы мақсатта жету үшін қырғыз әріптестермен тауар айналымын арттыру жөніндегі жол картасын әзірлеген.
Бұл құжатта АӨК, өнеркәсіп саласындағы 25-тен астам бірлескен іс-шаралар қамтылған. Сондай-ақ, индустриялық, сауда-логистикалық кешенді одан әрі дамыту мен жетілдіруге бағытталған қадамдар да бар. Осы бағытта қырғыз әріптестермен бірлесіп, кедендік рәсімдерді жеңілдету, жүктерді тасымалдау, сертификациялау және басқа да бағыттар бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр, - деді ол.