Сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 77%-дан аспайды
Бүгінгі күні Қазақстанда қуаттылығы 2,5 млн тонна өнім шығаратын 172 сүт өңдеу кәсіпорыны жұмыс істейді. Бұл ретте елімізде қажетті сүт-шикізат көлемінің жетіспеуі себебінен олардың жүктемесі 77% - дан аспай отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, 2021 жылғы құрғақшылық пен азық-түліктің қымбаттауына байланысты шағын фермерлер мен жеке қосалқы шаруашылықтар мал басын азайтты, бұл сүт жинау көлемінің төмендеуіне әкелді.
Бұл мәселені шешу үшін еліміздің барлық өңірлерінде сүт-тауар фермаларының желісін құра отырып, СҚО тәжірибесін көбейту бойынша жоба жұмыс істейді. Оны іске асыруға биыл 100 млрд теңге бөлінді.
Облыс әкімдіктерінің өтінімдеріне сәйкес, жылына 373 мың тоннаға дейін сүт өндіретін 65 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр. Несиелеу қағидаларының жобасы әзірленді, оған сәйкес несие мерзімі 10 жылға дейін, несиенің ең жоғары сомасы – 5 млрд теңге, сыйақының номиналды мөлшерлемесі жылдық 2,5% - дан аспайды.
Бұдан бөлек 2025 жылға дейін жұмыс істеп тұрған сүт өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту бойынша 20-ға жуық инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр.
Аталған СТФ саны мен қуаты жергілікті өндіріс есебінен сүт өнімдеріне ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етуге және отандық сөрелердегі импорттық тауарлардың көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Қазақстандық сүт өнімдеріне, оның ішінде елден тыс жерлерде тұрақты сұраныс болған жағдайда, қосымша СТФ және сүт зауыттарының құрылысы туралы айтуға болады.
Сонымен бірге елімізде өңдеуші кәсіпорындардың ауылшаруашылық өнімін тереңдете өңдеп өнім өндіруі үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау қағидаларына өзгерістер күшіне енді. Инновациялар сары май, мен қатты ірімшік сияқты және құрғақ сүт өнімдердің өндірісі мен нарыққа шығуын арттыруды көздейді. Қағидаларда субсидияларды есептеу тек көрсетілген өнімдерді өндіру үшін шикі сүтті жұмсау бойынша жүргізіледі.
Енгізілген өзгеріске сәйкес субсидияларды төлеу үшін ең маңызды көрсеткіш сатылған өнімнің көлемі болып табылады, ол өндірушінің ЭШФ немесе банктік төлем құжаттары арқылы ақша түсуімен расталады.
Бұл тәсіл мемлекеттік қолдаудың осы түрінің тұжырымдамасына толық сәйкес келеді, өйткені өнімдерді сата отырып, өндірушілер ішкі нарықты импортқа тәуелді азық-түлік түрлерімен қанықтыруға тікелей қатысады.
Ұсынылған өзгерістер субсидиялар бөлудің барынша ашық, әділ және адал тәртібін қамтамасыз етеді деп санаймыз.