2 Қазан 2026, 17:36 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Сүт безі обыры ерлерде де кездеседі – онколог 

Сүт безі обыры тек әйелдерге тән ауру емес. Ер адамдарда да бұл диагноз кездеседі.  Бұл туралы онколог дәрігер Данара Сүлейменова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Алайда ауру сирек болғандықтан, ерлердің көпшілігі оның белгілеріне мән бермей, дәрігерге кеш жүгінеді.

Маманның айтуынша, ер адамдарда сүт безі обырының болуы – қоғамдағы медициналық стереотиптердің бірі. Осы түсініктің салдарынан ер адамдар дәрігерге көбіне ауру асқынып кеткен кезде келеді.

«Қысқа жауап берсек, иә, ер адамдарда да сүт безі обыры болады. Бұл – жиі еститін стереотиптердің бірі. Осы түсініктің салдарынан ер адамдар онкологқа көбіне ауру асқынып, лимфа түйіндеріне немесе басқа ағзаларға метастаз берген кезде келеді», – деді Данара Сүлейменова.

Онкологтың түсіндіруінше, ерлер мен әйелдердің барлығы сүт безінің бастапқы тіндерімен дүниеге келеді. Әйелдерде жыныстық жетілу кезеңінде эстроген гормонының әсерінен бұл тін дамып, толыққанды сүт безіне айналады. Ал ер адамдарда сүт безі тіні толық дамымайды. Дегенмен оның бастапқы құрылымы сақталатындықтан, белгілі бір факторлардың әсерінен қатерлі ісік дамуы мүмкін.

Ерлердегі сүт безі обыры сирек кездеседі

Данара Сүлейменованың айтуынша, ер адамдар арасында сүт безі обыры әйелдерге қарағанда шамамен жүз есе сирек кездеседі. Яғни орта есеппен 99 әйелге бір ер адамнан келеді.

Сирек кездескенімен, бұл ауру ер адамдар үшін де қауіпті. Себебі ер адамның сүт безі көлемінің шағын болуына байланысты ісік кеуде қабырғасына және қабырғаларға тез өсуі мүмкін.

Сондықтан ер адам кеуде тұсынан немесе емізік маңынан ауырсынусыз түйін байқаса, оны елемеуге болмайды.

«Ер адамдарда да кеуде тұсындағы өзгерістерге назар аудару керек. Әсіресе бір жақты, ауырсынусыз түйін пайда болса, міндетті түрде дәрігерге барған жөн. Онкологқа, маммологқа немесе хирургке жүгінуге болады», – деді онколог.

Дәрігер ер адамдарда әйелдердегідей жаппай скрининг бағдарламасы жүргізілмейтінін атап өтті. Сондықтан ерлер үшін өз денсаулығындағы өзгерістерге уақытылы мән беру маңызды.

Қазақстанда онкопсихология қызметі дамып келеді

Брифинг барысында онкологиялық ауруға шалдыққан адамдарға психологиялық қолдау көрсету мәселесі де көтерілді.

Данара Сүлейменованың айтуынша, Қазақстанда онкопсихология қызметі біртіндеп дамып келеді. Қазір онкологиялық орталықтарда арнайы онкопсихологтар жұмыс істейді.

«Қазір Қазақстанда онкопсихология қызметі дамып келеді. Онкологиялық орталықтарда бір-екі онкопсихологтан жұмыс істейді. Бұл жай ғана психологтар емес, олар диагнозы ауыр пациенттермен және олардың туыстарымен жұмыс істеуді арнайы меңгерген мамандар», – деді ол.

Онкопсихологтар пациентке диагнозды қабылдауға, емдеу кезеңінен өтуге және жақындарымен қарым-қатынасты реттеуге көмектеседі. Алайда мамандар саны ел бойынша әлі де жеткіліксіз.

Дәрігердің сөзінше, онкологиялық диагнозды пациентке дұрыс жеткізу де медицина қызметкерлері үшін маңызды мәселе. Бұған дейін дәрігерлер мұндай жағдайларға көбіне тәжірибе арқылы бейімделсе, қазір онкопсихологияның жеке бағыт ретінде дамуы бұл жұмысты жүйелеуге мүмкіндік беріп отыр.

«Сүт безі обыры – үкім емес»

Данара Сүлейменова әйелдер арасында «қатерлі ісік – міндетті түрде өлім» деген түсінікті өзгерту қажет екенін атап өтті.

Оның айтуынша, қазіргі медицинада сүт безі обырын емдеудің заманауи әдістері кеңінен қолданылады. Әсіресе ауру ерте кезеңде анықталған жағдайда емнің нәтижесі жоғары.

«Сүт безі обыры – үкім емес. Қазіргі заманауи емдеу әдістерінің арқасында біз сүт безі обырының басым бөлігін емдей аламыз. Әсіресе ауру ерте кезеңде анықталса, нәтижесі өте жақсы», – деді онколог.

Маманның айтуынша, бірінші сатыда анықталған сүт безі обыры бар әйелдердің шамамен 90 пайызы толық ремиссияға қол жеткізе алады. Ал аурудың сатысы жоғарылаған сайын ем нәтижесі де өзгереді.

Қазір онкологияда таргеттік препараттар, иммунотерапия және молекулалық зерттеу әдістері қолданылады. Қазақстанда да пациенттерге заманауи емдеу тәсілдері қолжетімді.

Сондықтан онкологтың негізгі кеңесі – белгіленген мерзімде скринингтен өту және денеде байқалған кез келген күмәнді өзгерісті дәрігерге уақытылы көрсету. Ер адамдар да кеуде тұсында түйін немесе басқа да өзгеріс байқалса, медициналық көмекке жүгінуді кейінге қалдырмағаны жөн.