6 Қазан 2026, 07:30 Фото: ©BAQ.KZ архиві

«Сұрыптағым келеді, бірақ қайда апарамын?»: Астанада қоқысты бөлек жинауға не кедергі?

Астана тұрғындарының арасында қоқысты сұрыптауға ниеттілер көбейіп келеді. Бірақ әзірге бір ғана ниет жеткіліксіз. Пластикті, батарейкаларды, ескі киімді немесе электрониканы өткізу үшін адам қабылдау пункттерін іздеп, онда нақты қандай қалдықтарды қабылдайтынын анықтауға мәжбүр. Кейде қайта өңдеуге жарамды қалдықтарын пакетке салып, басқа ауданға баруына тура келеді. Елордада қоқысты бөлек жинау неліктен әлі күнге дейін күнделікті дағдыға айналмады? Контейнерге тасталған қоқыстың кейінгі тағдыры қандай? BAQ.KZ осы мәселелерді зерделеді.

Адамдар сұрыптауға дайын, бірақ оны қалай жасау керегін біле бермейді

Экотренер әрі тұрақты даму жөніндегі кеңесші Мариям Қасымова елорда тұрғындарының қоқысты сұрыптауға қызығушылығы біртіндеп артып келе жатқанын айтады.

Сонымен қатар Астана халқының саны да өсіп жатыр. Сондықтан сарапшы экологиялық ағарту жұмыстары тұрақты жүргізілуі керек деп есептейді. Оны балабақшадан бастап, мектептерде, университеттерде, жұмыс орындары мен тұрғын үй кешендерінде жалғастыру қажет.

Адамдар қоқысты сұрыптауға дайын. Бірақ кейде оны қайда өткізуге болатынын және қалай сұрыптау керегін білмейді. Бұқаралық ақпарат құралдарында осы туралы көбірек айтылса, сұрыптайтындардың саны да артады, – дейді Мариям Қасымова.

«Global Green Hub» ЖШС басшысы, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық «Парыз» байқауының Астана қаласы бойынша «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясының жеңімпазы Әсел Сейфуллина да бүгінгі мәселе тек адамдардың ниетіне байланысты емес деп санайды.

Көптеген тұрғын қоқысты бөлек жинауға арналған инфрақұрылымның дамып жатқанын, қалада түрлі қалдықтарды қабылдайтын пункттер бар екенін білмейді. Қоқысты сұрыптағысы келген адам бүгінде оған мүмкіндік таба алады. Бірақ әзірге бұл қосымша күш-жігерді талап етеді: ақпарат іздеп, пластикті, батарейкаларды, киімді немесе электрониканы қайда апару керегін анықтау қажет, - дейді Сейфуллина.

Астанада қабылдау пункттері жеткілікті ме?

Мариям Қасымованың айтуынша, елордадағы қазіргі инфрақұрылым әзірге жеткіліксіз. Қабылдау пункттерінің бір бөлігі жабылған, ал қалғандары қала аумағында біркелкі орналаспаған. 

Оның пікірінше, бір ауданға бір пункт аздық етеді. Әр ауданда тұрғындар сұрыпталған қалдықтарын тұрақты түрде әкеле алатын бірнеше орын болуы керек.

Инфрақұрылымды неғұрлым тезірек қалыптастырып, оны қолайлы етсек, соғұрлым көп адам қоқысты сұрыптайды. Адамдар сұрыптауға дайын, бірақ кейін мұның бәрін қайда өткізу керегін білуі қажет, – деді Қасымова.

Әсел Сейфуллина да қолжетімділікті осы дағдыны қалыптастырудың негізгі шарттарының бірі деп санайды.

Экологиялық әрекет үшін адамға күнделікті жүретін бағытын неғұрлым аз өзгертуге тура келсе, бұл әрекеттің тұрақты дағдыға айналу ықтималдығы соғұрлым жоғары болады, – деп түсіндіреді ол.

Бұл ретте тек тұрақты экопункттерге сүйену міндетті емес. Сарапшының пікірінше, қалада бір мезгілде әртүрлі формат жұмыс істей алады: қалдық жинайтын жылжымалы көліктер, сауда орталықтары, мектептер мен тұрғын үй кешендері жанындағы пункттер, сондай-ақ арнайы EcoHub кеңістіктері.

Ең бастысы, адам маған жақын жерде тұрақты пайдалана алатын, жұмыс тәртібі түсінікті орын немесе қызмет бар екенін білуі керек, – дейді Сейфуллина.

Неліктен бір контейнер жеткіліксіз?

Аулаға түрлі түсті бірнеше контейнер қою қоқысты бөлек жинаудың жұмыс істейтін жүйесін құру деген сөз емес. 

Әр контейнердің артында тұтас жұмыс тізбегі тұр: оған қызмет көрсету, ішіндегі қалдықтарды уақтылы әкету, сұрыптау және жарамды шикізатты қайта өңдеуге жіберу қажет.

Контейнерді қоя салып, жүйе жұмыс істейді деп күтуге болмайды. Одан кейін оған кім қызмет көрсетеді, қалдықтарды кім тұрақты әкетеді, сұрыптау сапасын кім бақылайды деген сұрақ туындайды. Мұның бәрі тұрақты шығынды қажет етеді. Мемлекет үшін бұл – қосымша қаржылық жүктеме. Ал жеке бизнес үшін қалдықтардың кейбір түрін жинау мен қайта өңдеу үнемі жеткілікті пайда әкеле бермейді. Сондықтан қоқысты бөлек жинау тек контейнер мәселесі емес. Бұл – тұтас экожүйе, – дейді Әсел Сейфуллина.

Мариям Қасымова қызметкері бар ірі қабылдау пункттерін тиімді формат деп санайды. Ондағы қызметкер қандай қалдықтарды қабылдайтынын және оларды өткізуге қалай дайындау керегін бірден түсіндіре алады.

Оның пікірінше, мұндай тәсіл қайталама шикізатты жинаумен қатар, адамдарды қоқысты дұрыс сұрыптауға біртіндеп үйретуге мүмкіндік береді.

«Бәрібір бір көлік алып кетеді»: онда сұрыптаудың мәні бар ма?

Қоқысты бөлек жинауға қарсы жиі айтылатын уәждердің бірі – оның кейінгі тағдырына деген сенімсіздік.

Адам үйінде қалдықтарды сұрыптап, әртүрлі контейнерге салады. Кейін оларды алып кетуге бір көліктің келгенін көреді. Сол кезде «Қоқысты сұрыптаудың не қажеті болды?» деген орынды сұрақ туындайды.

Мариям Қасымова Астанада бұрын жұмыс істеген сары және жасыл контейнерлер жүйесі уақыт өте өзгергенін түсіндіреді. Оның айтуынша, қалдықтарды бір көлік алып кеткеннің өзінде, қайта өңдеуге жарамды шикізат кейін сұрыптау кешенінде іріктелуі мүмкін.

Көп адам: “Сұрыптаудың не қажеті бар? Бәрібір бір көлік келеді”, – дейді. Бірақ көлік біреу болса да, қайталама шикізат зауытқа жетеді. Сол жерде конвейер таспасында сұрыпталады. Адамдар қалдықтарды тым болмаса ылғалды және құрғақ түрлерге бөліп, қайталама шикізатты бөлек жинаса, соның өзі – үлкен жетістік», – деп санайды сарапшы.

Әсел Сейфуллина жүйеге деген сенімсіздік экологиялық дағдыны тез жоюы мүмкін екенін айтады.

Адам бір рет сұрыптауға уақыт жұмсап, кейін барлық қалдықтың араластырылғанын көрсе немесе солай деп ойласа, оның ынтасы күрт төмендейді. Сондықтан экологиялық бастамалар бүкіл тізбекті көрсетуі керек: жиналды – тапсырылды – қайта өңделді – жаңа өнім алынды», – дейді ол.

Контейнерден кейін қоқыс қайда барады?

Мариям Қасымованың айтуынша, Астананың әртүрлі ауданынан жиналған қалдықтар сұрыптау кешеніне жеткізіледі.

Онда қоқыс конвейер желісіне түседі. Жұмысшылар қайта пайдалануға немесе өңдеуге болатын қағазды, картонды, пластик бөтелкелерді, металл қалбырларды, әйнекті және басқа да материалдарды қолмен іріктейді.

Содан кейін іріктелген шикізатты престеп, ірі брикеттерге айналдырады. Одан соң оны қайта өңдеу кәсіпорындарына жіберуге болады.

Алайда қайталама шикізат басқа қоқыспен, әсіресе тамақ қалдықтарымен неғұрлым көп араласса, оны іріктеу соғұрлым қиындайды.

Конвейер таспасы белгілі бір жылдамдықпен қозғалады. Адамдар қоқысты сұрыптамағандықтан, бәрі аралас күйде, кейде тамақ қалдықтарымен бірге келеді. Сондықтан жұмысшылар бәрін іріктеп үлгермейді. Егер пакетке таза қайталама шикізат салынса, қызметкерлерге әлдеқайда жеңіл болар еді, – деп түсіндіреді Қасымова.

Қайталама шикізат неліктен таза болуы керек?

Материалды қайта өңдеуге болатын күннің өзінде, оның сұрыптауға қандай күйде жеткені маңызды.

Мысалы, қағаз бен картон сұйықтық және тамақ қалдықтарымен жанасқаннан кейін құндылығын тез жоғалтады.

Қайталама шикізаттың тазалығы мен сапасы өте маңызды. Қағаз суланса, бұрынғы құндылығын жоғалтады. Пластик тамақ қалдықтарымен араласқанға біршама төзуі мүмкін, ал макулатураның жағдайы тіпті қиын. Бұл – тез бүлінетін қайталама шикізат түрі, – дейді Қасымова.

Қандай қалдықтарды өткізу оңай, қайсысы қиын?

Мариям Қасымованың айтуынша, пластик бөтелкелерді, макулатура мен картонды қабылдайтын орындарды табу оңайырақ. Мұндай шикізатқа тұрақты сұраныс бар.

Басқа қалдықтарды өткізу қиынырақ. Олардың кейбірін тек маманданған жинаушылар қабылдайды. Мысалы, қаптаманың жекелеген түрлерін, тоқыма бұйымдарын, пайдаланылған өсімдік майын немесе аяқкиімді кез келген пункт қабылдай бермейді.

Мұның себебі көбіне экономикаға байланысты.

Жинаушылар тұрғындардан жеткілікті мөлшерде тез жиналатын және кейін қайта өңдеу зауыттарына сатуға болатын шикізатты сатып алады. Кәсіпкердің де шығындары бар екенін түсіну керек: қабылдау пунктін күтіп ұстау, жалақы төлеу, тасымалды ұйымдастыру қажет, – деп түсіндіреді сарапшы.

Экопункттер неліктен ашылып, кейін жабылып қалады?

Қабылдау пунктін ашу – істің жартысы ғана. Оның жұмысын жалғастыруы үшін орынжай, қызметкерлер, көлік және тұрақты шығындарды өтейтін қаражат қажет.

Мариям Қасымованың айтуынша, көптеген экологиялық бастама әзірге көбіне энтузиастарға, еріктілерге, демеушілер мен бизнестің қолдауына тәуелді.

Әзірге мұның бәрі көбіне энтузиастардың ықыласымен жүріп жатыр. Бір жерде бейжай қарамайтын адамдар мен демеушілер, енді бір жерде бизнес көмектеседі. Бірақ өзіміздің орынжайымыз жоқ. Тасымал жағынан да қолдау болса, жақсы болар еді. Өйткені бәріне қаражат керек: қажетті материалдарға, қаптарға, еріктілердің суы мен тамағына, – деді Қасымова.

Әсел Сейфуллина да мұндай жобалардың басты мәселелерінің бірі ретінде қаржылық тұрақтылықты атайды.

Инфрақұрылым құру – тек бастамасы. Одан кейін жалға алу, логистика, қызметкерлер, қалдықтарды әкету, сұрыптау және қызмет көрсету шығындары пайда болады. Егер бастапқыда тұрақты қаржылық модель айқындалмаса, жобаның ұзақ уақыт жұмыс істеуі қиын, – деп түсіндіреді ол.

«Неге сұрыптау керек?» дегеннен «Қайда өткіземін?» дегенге дейін

Инфрақұрылымдағы мәселелерге қарамастан, адамдардың қоқысты сұрыптауға көзқарасы біртіндеп өзгеріп келеді.

Әсел Сейфуллинаның айтуынша, бұрын қалдықтарды не үшін бөлу керегін жиі түсіндіруге тура келетін. Қазір адамдар мұны қалай ыңғайлы жасауға болатынын сұрай бастады.

Біз біртіндеп «Жалпы, неге сұрыптау керек?» деген сұрақтан «Мұны қалай ыңғайлы жасай аламын?» деген сұраққа көшіп жатырмыз. Бұл – өте маңызды кезең, – дейді Сейфуллина.

Оның айтуынша, экологиялық әрекет күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналуы керек. Адамға пластик, қағаз немесе басқа қалдықтар салынған пакеттерімен қаланың бір шетінен екінші шетіне арнайы баруға тура келмеуі қажет.

Меніңше, экологиялық ойлау дәл осы сәттен басталады: адам экологияны тек мемлекеттің жауапкершілігі деп қабылдауды доғарып, өзінің күнделікті әрекеттері де осы жүйенің бір бөлігі екенін түсінеді, – деп қосты ол.

Астанада қоқысты бөлек жинауды дамытудың келесі кезеңі енді тек тұрғындардың ниетіне байланысты емес. Адамдарға қарапайым әрі түсінікті жүйе қажет: қабылдау пункті жақын жерде болуы, сұрыптау ережелерін әр жолы іздеуге тура келмеуі және жиналған қайталама шикізаттың кейінгі тағдыры ашық көрсетілуі керек.

Сонда қоқысты сұрыптау біртіндеп энтузиастардың ісінен қала тұрғындарының күнделікті дағдысына айнала алады.