"Сүреден сүрінген" күзетші мен "базар әкімшілігінің шешімі" және ҚМДБ жауабы

Журналист Диас Нұрақын Facebook желісінде Алматыдағы «Байсат» базарының күзетшілері айлықтары қысқармас үшін және жұмыстан шығып қалмас үшін Құран жаттауға мәжбүр екенін жазды. ҚМДБ мәліметінше, бұл базар әкімшілігінің шешімі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Байсат базарында күзетші болып жұмыс істейтін танысым айлық алу үшін Құран сүрелері мен аяттарды жатқа білуің керек деп айды аспанға бірақ шығарды. Яғни, ай сайын жалақының уақыты жақындағанда базарға молда келіп күзетшілерден емтихан алады екен. Кімде-кім сүре немесе аяттан шатасса айлығынан 5 мың теңге ұстап қалады дейді. Төрт рет қателессең жалақыңнан 20 мың теңге жоқ деген сөз. Ең сорақысы жиі қателескендерді бірден жұмыстан шығарып жібереді екен, – деп жазды Диас Нұрақын Facebook желісінде .

Оның сөзінше, күзетшілерден сынақ алатын молда Жаңатұрмыс мешітінен келеді және оған базар басшылары айлық төлейді. Бірақ осы мәселенің бәрін ашық айтуға, журналистерді шақырып шулатуға күзетшілер қорқады дейді ол.

Жұмысшыларды құран жаттатып, намаз оқуға мәжбүрлеу қаншалықты заңды? Зайырлы мемлекетте кез келген азаматтың діни наным-сеніміне ешкімнің қол сұғуына жол берілмеуі тиіс қой – деп сұрады Диас Нұрақын ҚМДБ өкілінен.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы тиісті дін қызметкерінен ресми мәлімет алынғанын айтты.

Базар әкімшілігінің өтініші бойынша сондағы қызметкерлерге дәріс беріп, Құран оқуды үйрететін азамат Алматы облысы Жамбыл ауданы Жаңатұрмыс ауылының имамы екені анықталды. Имам өзіне жүктелген діни қызметті атқарған. Ал сүреден «сүрінгендердің» айлығын «қысқарту ісі» имамның құзыретіне кірмегені айтылды. Бұл базар әкімшілігінің шешімі екен... – деп жауап берді Ағабек Қонарбайұлы.

Диас Нұрақын күзетшілер ғана емес, базардағы еден жуушы, дала сыпырушы, есепші секілді барлық қызметкер діни сауатты болуы тиіс деген қатаң қағида бар деп жазды. Оның сөзінше, намаз оқымайтын, құран сүрелерін білмейтіндер де жұмысқа қабылданбайтын көрінеді.

Жаңақұрлыс ауылындағы Айқым ата мешітінің имамы Қанат Таңсықбаев 1992 жылдан бастап дін жолына түсіп, мешіт молдасынан сауат ашқан. Кейін Өзбекстанда медресе оқып, Алматыда Араб колледжін, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың халықаралық қатынастар бөлімінің журналистика бөлімін, Үшқоңыр медресе колледжін тамамдаған. Қазір мешітте имам қызметін атқарады.

Байсат базарының ұжымына діни дәріс беру сол ұжымның өздерінің талабымен болған іс. Діни мамандығым, білімім болғандықтан дәріс берсем зиянын көріп тұрған жоқпын. Бұл ақпарат рас, иә, құран жаттап дұға бата үйреттім. Ал басына әңгіртаяқ ойнатып, тілі келмесе жалақысынан 5000 теңге ұстап қалды немесе жұмыстан шығарды деген сөз – өтірік пен жала. Мен дәріс бергелі бірде-бір күзетшіден сүре жаттамады деп сөгіс алу немесе ақшасынан ұстап қалу, жұмыстан қуылу дерегі болмаған – деп жазды имам Қанат Таңсықбаев.

Еске сала кетсек, Конституцияда Қазақстанның зайырлы мемлекет екені, дінге көзқарасын, нанымын ешқанадй кемсітуге болмайтыны, қай дінге жататынын әр адам өзі анықтайтынын және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы екені жазлыған.    Сондай-ақ, Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 490-бабы бойынша, жеке тұлғалардың азаматтық құқықтарын дінге көзқарасы себептері бойынша бұзу немесе олардың діни сезімдерін қорлау жеке тұлғаларға – 50, лауазымды адамдарға – 100, заңды тұлғаларға 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.   

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы