Сурдлимпиада ойындарының жеңімпаздары «Құрмет» орденімен марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық музейде XXIV жазғы Сурдлимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Іс-шарада Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжановтың Сурдлимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнаған құттықтау сөзін оқып, спортшыларды өзі де құттықтады.  

Намыс жолында бар күш-жігерін аямаған спортшыларға, тыңғылықты жаттығу жұмыстарын ұйымдастырған бапкерлерге үлкен алғысымды білдіремін. Құрметті спортшылар мен бапкерлер сіздерді осы жүлделеріңізбен шын жүректен құттықтағым келеді. Әрдайым байрақты бәсекеде көк туымыз желбірей берсін. Жемісіміз, жеңісіміз алда болсын, - деді ол.    

Министр құттықтауында екі алтын медаль иеленіп, сенсация жасаған Шонку Хайратхаанды ерекше атап өтті. 

Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан сурдлимпиада ойындарының жеңімпаздары «Құрмет» орденімен, ал жүлдегерлер мен жаттықтырушылар алғыс хаттармен марапатталды.

Айта кетейік, XXIV жазғы Сурдлимпиада ойындары 2022 жылдың 1-15 мамыр аралығында Бразилияның Кашиас-де-сул қаласында өтті. Дүбірлі додада әлемнің 73 мемлекетінен 4500-ге жуық спортшы бақ сынады. Қазақстан тарапынан 63 спортшы 8 спорт түрінен қатысып, 28 медальға қол жеткізді: 3 «алтын» 7 «күміс» және 18 «қола».

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы