Сұраныс бар жерде даму болады – психолог
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазіргі қазақ психологиясы осыдан 5-6 жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда әлдеқайда ілгерледі, дейді психолог маман, ұстаз Құралай Қалиева.
Қазіргі қазақ психологиясы туралы пікіріңіз?
Қазіргі қазақ психологиясы осыдан 5-6 жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда әлдеқайда ілгерледі. Мысалы 5-6 жыл бұрын қазақ аудиториясында психологияға деген сұраныс арта бастады. Ал сұраныс болған жерде даму болады. Қазір енді дамып шарықтау шегіне жетті деп айта алмаймыз, бірақ фэн-шуй мен психологияны ажырататын халге келдік. Психология жанмен жұмыс, санамен жұмыс екенін түсініп еңбектеніп жатқандар көп.
Қандай бағыт казіргі психологияда ерекше танымал?
Мен казір көп айтылып жүрген энергия және квантты психологиямен айналысып, зерттеп жүрмін. Яғни санамен жұмыс. Жалпы сана бермеген адам болмайды. Алла тағала бәріне бірдей сана береді. Тек сол сана таза емес болуы мүмкін. Сол жердегі блоктар, дұрыс емес бағдарламалармен жұмыс жасай отырып, адамның санасын оятуға болады.
Жалпы осы салада сапалы мамандар көп пе?
Әрине. Қаншама психология докторлары мен профессорларымыз бар. Оладың бәрі адам жанын емдеуге үлесін қосып жүр. Тіпті психолог дипломдары жоқ болса да, көмектесем деген ниетпен психологиямен айналысып жүрген азаматтарымыз да аз емес. Мен жаңа айтып өткен квантты адам деген үнемі альфа күйде жүретін адам. Альфа-күй деген не? Ол - сабырлық. Сабырлы бола білу - бұл альфа күйде жүру деп білемін.
Психологияға кім көп жақын болады? Әйелдер ме, әлде ер адамдар ма?
Психологияға әйелдер ғана жақын болады дегенмен мен келіспеймін. Менің курстарымда әйел де, ер адамдар да қатар қатысып оқиды. Ер адамдар эмоциядан көрі фактіні жақсы көреді. Фактімен психология құндылығын көрсете білген кезде олардың қызуғышылығы оянады.
Менің принципім бір отбасында тек әйел ғана дамымай, күйеуі бірге дамығанын қалаймын. Жасампаз ұрпақты тәрбиелейтін әкесі мен шешесі. Өйткені анасы супер ана болғанымен, ол супер әке бола алмайды. Әкесі де тура солай. Әркімнің өз рөлі бар, екі жақ бірдей даму керек.
Қарапайым дүние, кез-келген мәселе, ол қаржы болсын, денсаулық болсын басқасы болсын білімсіздіктен туындайды. Білім, білім және білім керек. Білімдерін көтермей біреуге ренжіп, кінә тағып жүре беретіндер көп. Қарым-қатынаста проблема ма сол қарым-қатынасқа қатысты білімін көтерсін, ақшада мәселе ме, қаржы сауаттылығын көтерсін, денсаулыққа қатысты да тура солай. Сондықтан білім алудан, оқудан шаршамайтын адам, еш сарқылмайды деп ойлаймын.
Сұхбатыңызға рахмет!