13 Қазан 2026, 17:56 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

«Сұр» өнімдерге бақылау күшейеді

Үкімет отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету және «сұр» өнімдердің импортына бақылауды күшейту шараларын қолға алмақ.

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында «сұр» өнімдердің елге әкелінуіне бақылауды күшейтіп, отандық кәсіпорындарды қолдау шараларын қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Олжас Бектенов нақты секторды одан әрі дамыту үшін өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін төмендетпеу маңызды екенін атап өтті.

Металлургия саласы экономиканың көптеген секторына негіз болады. Сондықтан оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету және қолда бар әлеуетін іске асыру үшін шаралар қабылдау қажет. Металлургия кәсіпорындарын шикізатпен толық қамтамасыз ету үшін шетелдік серіктестермен барлық келіссөзді аяқтап, қол жеткізілген келісімдерді іс жүзінде жүзеге асыруға кірісу керек. Сонымен қатар жеткізілім бағыттарын кеңейту қажет. «Самұрық-Қазына» қорына және Өнеркәсіп министрлігіне отандық металлургия кәсіпорындарын ұзақ мерзімге шикізатпен қамтамасыз ету тетіктерін пысықтауды тапсырамын, – деді ол.

Премьер-министр Сауда министрлігіне отандық өнімді сыртқы нарықтарға жеткізу кезіндегі кедергілерді азайту үшін қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.

Сонымен бірге Қаржы министрлігі «сұр» өнімдердің елге әкелінуіне жол бермеу үшін бақылауды күшейтуі қажет. Тағы бір маңызды міндет – жұмыс істеп тұрған өндірістік қуаттарды барынша пайдалану және жаңа жобаларды уақытылы іске қосу. Көлік министрлігі «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп, өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының жұмысына қажетті шикізат пен қосалқы бөлшектер тиелген контейнерлер мен вагондардың кедергісіз жеткізілуін қамтамасыз етуі керек. Шикізат базасын кеңейту аумақтарды геологиялық зерттеуді жеделдетумен және жаңа перспективалы кен орындарын анықтаумен тікелей байланысты екені белгілі, – деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Үкімет басшысы Өнеркәсіп министрлігіне жыл соңына дейін геологиялық зерттеу жұмыстарының негізгі кезеңдерін аяқтап, нақты нәтижелер ұсынуды тапсырды.