Сұр импорттағы көліктер: Автосарапшы арзан бағаның артындағы қауіпті айтты
Қазақстан Республикасының Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, былтыр ғана Қазақстанда жүрілген, яғни қолданыста болған 300 мыңнан астам жеңіл автокөлік тіркелген. Олардың едәуір бөлігі елге бейресми арналар арқылы шетелден жеткізілген. Әсіресе Біріккен Араб Әмірліктерінен келетін көліктер легі жиі талқыланып жүр. Мұндай автокөліктер кедендік рәсімдерден өтіп, ресми түрде тіркелгенімен, олардың техникалық жай-күйі мен бұрынғы тарихы уәкілетті органдардың бақылауынан тыс қалып отыр.
Бағасының төмендігі бұл көліктерге сұранысты арттырып отырғанымен, арзандықтың артында тұтынушы үшін нақты қауіптер жасырынған. BAQ.KZ тілшісі автосарапшы Әрсен Шакуовпен сұхбаттасып, “сұр импорттың” қалай жұмыс істейтінін және оның не себепті қауіпті екенін анықтап көрді.
Неліктен Әмірліктер?
Біріккен Араб Әмірліктері АҚШ-та апатқа ұшыраған көліктер үшін транзиттік орталыққа айналған. Қазақстандағы көптеген сатып алушы Әмірліктерден келетін көліктерді “қолданыста болған, бірақ қалыпты жағдайдағы автокөлік” деп ойлайды. Ал жағдай шын мәнінде әлдеқайда күрделі.
Негізгі ағым – АҚШ-тағы сақтандыру аукциондарынан шыққан көліктер. Америкада ауыр жол-көлік оқиғасына түскен автокөлік толық жарамсыз деп танылады, сақтандыру компаниясы иесіне өтемақы төлейді де, оның жауапкершілігі сол жерде аяқталады. Мұндай көліктер нарықтық құнын жоғалтып, 2-3 мың долларға сатылып кетеді. Себебі АҚШ-та жұмыс күші қымбат болғандықтан, оларды қалпына келтіру экономикалық тұрғыдан тиімсіз, – дейді сарапшы.
Әрсен Шакуовтың айтуынша, бұдан кейін көліктер басқа экономикалық жағдай қалыптасқан Әмірліктерге жөнелтіледі.
БАӘ-де салық жүктемесі өте төмен еркін экономикалық аймақтар бар. Көлік ол жаққа шамамен 4 пайыздық қосылған құн салығымен ғана кіреді де, сол жерде жөнделеді. Ең бастысы – АҚШ-та бұл автокөлік қалпына келмейтін деп танылғаны туралы ақпарат кейінгі құжаттарда мүлде көрсетілмейді, – деп түсіндіреді ол.
Сұр импорт экономикасы
Сұр импорттың тартымдылығы – баға айырмашылығы мен арзан жұмыс күшінде. Делдалдар үшін бұл – табыс табудың оңай жолы болса, сатып алушылар төмен баға тартымды.
АҚШ-та 50 мың доллар тұрған көлік апаттан кейін құнын жоғалтады. Оны арзанға сатып алып, жұмыс күші мен қосалқы бөлшектері арзан Әмірліктерде жөндейді де, кейін толыққанды автокөлік ретінде сатады. Пайда дәл осы айырмашылықтан қалыптасады. Мұндай схеманың экономикалық тиімділігі Қазақстанға жеткізілетін осындай көліктер санының артуына тікелей әсер етіп отыр, – дейді автосарапшы.
Сатып алушы үшін негізгі қауіптер
Мұндай көліктердің басты қаупі – олардың сапасы мен өткен жолы. Сырт көзге автокөлік жақсы күйде көрінгенімен, жасырын ақаулар пайдалану барысында ғана анықталуы мүмкін.
Заң жүзінде бәрі дұрыс сияқты: көлік кеденнен өткен, тіркелген, барлық алымдар төленген. Алайда іс жүзінде тұтынушы апатқа түскен, суға кеткен немесе бірнеше көліктен құрастырылған автокөлікті сатып алуы мүмкін. Мұны көзбен анықтау өте қиын, әсіресе терең техникалық диагностика жасалмаса. Бұдан бөлек, мұндай көліктердің Қазақстанның климаттық жағдайына бейімделуі жиі мәселе туғызады. Әмірліктерге арналған көптеген нұсқалар біздің климатқа лайықталмаған. Көбінде зауыттық жылу жүйесі болмайды, оны кейін орнатады, ал оның сапасы әрдайым жоғары бола бермейді. Соның салдарынан алдағы уақытта түрлі техникалық ақаулар жиі шығады, – деп қорытындылады спикер.
Кепілдіктің болмауы
Сұр импорттаушылар арқылы автокөлік сатып алу тұтынушыны іс жүзінде кез келген кепілдіктен айырады. Көлікке қатысты қандай да бір мәселе туындаса, барлық шығын толықтай иесінің мойнына жүктеледі, ал жауапты тарапты табу өте қиын.
Сұр импорттаушы көлікті әкеліп, сатып жіберген соң, іс жүзінде көзден ғайып болады. Ешқандай кепілдік міндеттеме де, сервистік қолдау да қарастырылмаған. Егер көліктен елеулі ақаулар анықталса, барлық шығын тек иесіне тиесілі, – дейді сарапшы.
Тіпті ең қарапайым тексеріс пен стандартты диагностика да мұндай көліктердегі барлық жасырын кемшіліктерді толық анықтауға мүмкіндік бермейді. Көптеген зақымдар қалпына келтіру кезеңінде әдейі жасырылады да, тек пайдалану барысында, кейде қайта жол-көлік оқиғасына түскенде немесе көлікке үлкен салмақ түскеннен кейін ғана білінеді. Соның салдарынан сатып алушы бастапқы тексеріс кезінде анықталмаған мәселелермен бетпе-бет келеді, ал қауіп деңгейі жоғары күйінде қалады.
Нарыққа әсері және мемлекеттің ұстанымы
Сұр импорт ресми дилерлер үшін баға жағынан бәсекелестік тудырғанымен, олардың бизнесіне түбегейлі қауіп төндіріп отырған жоқ. Сонымен қатар, мемлекет бейресми әкелінетін көліктерге тәуелділікті азайту мақсатында жергілікті өндірісті біртіндеп дамытып келеді.
Баға айырмашылығы 2-3 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Алайда ресми дилерден алынған көліктің бұл бағасына кепілдік, сервистік қызмет, сатушының жауапкершілігі және сатып алушының қауіпсіздігі кіреді. Яғни адам таңдау жасайды: қазір аз төлеу ме, әлде болашақтағы тәуекелдерді азайту ма, – деп атап өтті маман.
Мемлекеттік стратегия автокөлік зауыттарын салуға және көліктерді жергілікті жерде құрастыруға бағытталған.
Қазіргі таңда негізгі бағыт – зауыттар салу және автокөліктерді жергілікті деңгейде құрастыру. Бұл – уақыт өте келе сұр импортқа тәуелділікті азайтуы тиіс жүйелі шешім. Алайда оны нарықтан толықтай жою екіталай, – дейді спикер.
Сарапшының басты кеңесі – таңдау жасағанда салдарын алдын ала ойлап, байыппен шешім қабылдау. Сұр арналар арқылы көлік сатып алу мәміле сәтінде тиімді көрінуі мүмкін, бірақ ұзақмерзімді перспективада қосымша шығындарға, техникалық қиындықтарға және қауіпсіздікке қатысты тәуекелдерге алып келеді. Көліктің елге ресми түрде әкелінуі оның сапасына, сенімділігіне және Қазақстан жағдайында пайдалануға жарамдылығына кепілдік бермейді.
Қорытындысында, сатып алушы үшін басты мәселе көліктің елге қалай әкелінгені емес, оның нақты техникалық жағдайы мен бұрынғы тарихы болуы тиіс. Дәл осы факторлар қауіпсіздікті, алдағы қызмет көрсету құнын және бастапқы үнемдеуден әлдеқайда асып түсуі мүмкін қаржылық шығындарды айқындайды.